Жертөлеге апарып, 8 млн теңге бопсалаған: Қазақстанның үш өңірінде қылмыстық топтар ұсталды

2024-09-30 08:27:27

ІІМ ақпаратынша, соңғы үш күнде үш қылмыстық топтың заңсыз әрекеті тоқтатылған. Мәселен, Оралда өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, күш көрсету арқылы студенттен 500 мың теңге бопсалаған жергілікті жастар ұсталды. Күдіктілер қамауға алынды.

Шымкентте жедел уәкілдер қаланың екі тұрғынын ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Олар жергілікті тұрғыннан бір миллион теңге бопсалап, оған қатысты ақпарат таратамыз деп қорқытқан.

Сондай-ақ Ақтөбеде ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімшесінің қызметкерлері қылмыстық топтың мүшесін 1 миллион теңге мен Subaru автокөлігін алып жатқан жерінен қолға түсірді. Күдікті өзінің үш сыбайласымен бірге ғимараттың жертөлесінде жәбірленушіге моральдық және физикалық қысым көрсетіп, 8 миллион теңге бопсалаған.

«Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Бопсалау фактілерін анықтау және олардың алдын алу жұмыстары жалғасады», – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.