Жантүршігерлік оқиға таңғы сағат 6-лар шамасында Боралдайда болған. Көршілердің айтуынша, әйел осы аймаққа 1-2 күн бұрын ғана көшіп келген екен. Сол түні 39 жастағы әйел баланың ұстамасы ұстады деп көршілерінен көмек сұрап барған көрінеді.
“Анама түнде жүгіріп келіпті. Бірақ енді оған анам не істей алады? Содан кейін таңертең анама талдың қасына көме салайық деп айтыпты. Анам шошып қалды, ондайды естімеген. “Көме салайық” дегеннен кейін полиция келіп алып кетті”, – деді Боралдай ауылының тұрғыны Диас Қанатов.
Баласын өлтірді деп күдікке ілінген әйел жалдамалы пәтерлердің бірінде тұрған екен. Көшіп келгеніндеріне бірер күн ғана болғандықтан, көршілері жақсы танымаймыз деп отыр. Бірақ қайғылы оқиға болар күні күдікті әйелдің қызымен көшеде серуендеп жүргенін көргендер де бар.
“Әжем олардың қыдырып жүргенін көрген, бірақ қыздың денесі көгеріп тұрды дейді. Ол екеуін күндіз көрген болса керек. Кешке оның мәйітін тапты. Басқа ештеңе білмейміз. Үйдің қожайынын білеміз. Осыған дейін олар тұрған, ал мына адамдарды танымаймыз”, – деді тағы бір боралдайлық.
Алматы облыстық полиция департаменті бала өлімі бойынша қылмыстық іс қозғаған. Күдікті ұсталып, қамауға алынды.
Қазіргі уақытта қылмыстың барлық мән-жайларын объективті зерттеуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Күдіктінің тағы бір 10 жастағы қызы бар екен.