Балама туған күнге баруға болмай ма – Тұрлыханов пробация тәртібін бұзған ұлына ара түсті

2024-10-16 08:27:35

ӘҢГІМЕ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ

Дәулет Тұрлыханов Мәжіліс кулуарында журналистердің сұрақтарына жауап берді. Жақында шартты мерзімде жүрген баласы кезекті рет пробациялық бақылау тәртібін бұзғаны белгілі болған. Әлеуметтік желіде оның салтанатты кеште жүргені көрсетілген видео тарап жатыр. Оқиға 11 қазан күні Алматы болған. Бостандығын шектеу тәртібіне сай, депутаттың баласына мұндай іс-шараларға баруға шектеу қойылған.

ДЕПУТАТ НЕ ДЕЙДІ

– Мен бұл іске кіріспеймін. Қалай әке баласы жаман болсын деп тәрбиелейді. Әрине, мен ойланам. Қолдан келгенше тәрбие бердік. Бала бірақ жақсы. Бірақ не үшін қалай болып жатқанын білмеймін. Бір баланың артынан аңду бар. 21 жастағы бала. Ертең жүйкесі тозып, аруу болып қалса оған кім жауап береді? Сондықтан, балам өте жақсы, тәрбиелі. Бүгінгі күні өзінің жолдастарымен араласуға болмай ма? Туған күнге баруға болмай ма? Сол жағы да мені қатты ойландырады. Баланың денсаулығы да.

– Баланың артынан аңду бар деп күдіктенесіз бе?

– Әрине, бар.

– Танымал болғаныңыз үшін қынжылатын кезіңіз бола ма? Танымал болсам мұндай болмас па еді деп…

– Қазақта көре алмайтындар да бар. Бар адамдар. Бір мандатты округтан сайландым. Сайлаушыларым ғана шеше алады. Мандатты тапсырам ба, жоқ па.. Ел азаматы ретінде еліміздің болашағы үшін өте абыроймен жұмыс істеп жатырмын, Менің жұмысыма әріптестерім тарапынан ешқандай сұрақ жоқ. Айтайын дегенім, Қазақстанның мықты азаматы, ел ағасы ретінде еңбегімді сіңіріп, жұмыс істеп жатырмын.

– Ұлыңызды бас бостандығынан айыруы мүмкін деп жатыр. Оны білесіз бе?

– 21 жастағы бала. Оны бас бостандығынан не үшін айырамыз? Не үшін айыру керек? Сағат кешкі 20.30-да әріптестерімен отырған ғой. Ол бала ішпейді. Ішіп отырған жоқ. Өйтіп, бірден түрмеге қамайтын болсақ, ол тәрбие емес.

– Денсаулығына алаңдаймын деп отырсыз. Сонда ол өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін бе?

– Бәрі болуы мүмкін. Шын айтайын. Күн сайын жазады. Телефонда бәрі жазып жатыр. Біреу жақсы айтса, біреу жаман айтып жатыр. Ол бала да ойланады. Ол балаға жаным ашып жүр. Ұйқысы жоқ.

– Балаңызға ұрсып жүрген жоқсыз ба?

– Қазір балама ұрсып жүрген жоқпын. Қазір ұрсатын жағдай емес. Оның денсаулығын ойлап отырмын.

НҰРАСЫЛ БОЛАТТЫҢ ІСІ

2023 жылдың 11 ақпанынла әскери қызметкер Нұрасыл Болат Алматыдағы түнгі клубтың жанында ерлі-зайыпты Анна мен Олег Черновтарды ұрып-соққан болатын.

2023 жылдың қазан айында Алматы гарнизонының әскери соты депутаттың ұлына 1 млн 720 мың теңге айыппұл салған. Бұдан басқа, жәбірленушілердің пайдасына 1 млн теңге мөлшерінде моральдық өтемақы және өкілдің қызметтеріне ақы төлеу бойынша 1,6 млн теңге сомасында шығын өндірілді. Зардап шеккен тараптың адвокаттары судьяның шешімімен келіспей, шағым түсіріп, ған бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.

Осылайша, бірнеше инстанцияда қаралған іс жоғарғы сотқа жетіп, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Нұрасыл Болатқа екі жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындаған. Сондай-ақ, моральдық зиянды өтеу сомасы әрқайсысына 1 млн теңгеге дейін ұлғайтылған.