Оның айтуынша, бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде Мұрат Әбділда деген адамның Республика сарайында ән салып тұрған видеосы тарады.
«Ойлаңызшы, Республика сарайында. Еліміздің тарихи-мәдени маңызды нысанында. Қазақтың мыңдаған таланты сол сахнаға шығуды армандаған, мыңдаған дарынды қазақ сол сахнаға шыға алмай, арманда кетті. Ол жігіт елдің азы мен тозы емес шығар, оның адами кескін-келбетіне тілімді тигізе алмаймын. Бір жағынан қарағанда оның Республика сарайында ән салғаны қылмыс та емес шығар. Бірақ, ағайындар-ау, Республика сарайының сахнасы — Роза Бағланова секілді аңыз адамның маңдай терімен салынған, тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап ұлт тағдыры шешілген, ең маңызды тарихи шешімдер қабылданған, бірнеше күннен кейін тойланғалы тұрған Республика күнінің негізі болған тәуелсіздік деклорациясы қабылданған қасиетті орын емес пе еді?», — дейді әнші.
Ақбота Керімбекованың айтуынша, ол сахнаға шығу үшін мың есе лайықты әрі таланттырақ адамдар бүкіл тағдырын арнап өткен.
«Біздің өзіміз музыка мектебінде оқып, өнер академиясында кәсіби дағдымызды қалыптастырып, 30 жылға жуық тынымсыз еңбек етіп келе жатсақ та, тіземіз дірілдеп, зорға шығамыз. Өзімізге сенімсіздіктен емес, кішкентайымыздан жадымызда қалыптасқан киелі сахнаға деген құрметімізден. Жалпы айтқанда, ол сахна — мемлекеттің мінбері, ұлттың негізгі трибунасы, өте маңызды орын ғой. Енді сол ұлттық мінберге шыққысы келгеннің бәрі шыға бере ме?! Осы шенеуніктер өздеріне келгенде құқық талап еткіш, ар сақтағыш, дәл солай неге мемлекеттің бас сахнасын сақтамайды?! Мәдениет саласының ары да, намысы да — сахна. Сахнаға шығарған адамына, сахнада көрсеткен дүниесіне қарап саланың деңгейін көруге болады», — дейді ол.
Эстрада әншісі өнерге қатысы жоқ адамдар ән айтамыз десе, Республика сарайынан басқа орын толып жатыр дегенде алға тартып отыр.
«Дарынсыз, өнерсіздерге сахнадан, оның ішінде Республика сарайынан басқа да ән салып, әуселе қоятын жер жетіп артылады ғой Қазақстанда. Біздің кейбір әріптестер ел айтып жүргендей, «әртіс десе, әртіс». Оларға бәрібір… Осы жолы да «сен тимесең, мен тиме» болып отыра беретін шығар… Сахнаға қоймен шығарса, бірге маңырап тұра беретіндей… Арланбайды», — дейді ол.