Таңбалау отандық өндірушілердің түбіне жетеді: салалық қауымдастықтар премьерге үндеу жолдады

2024-10-22 10:27:44

Тамақ өнеркәсібінің бірден бірнеше салалық қауымдастығы Премьер-министр Олжас Бектеновке үндеу хат жолдады. Олар өз өнімдерін міндетті таңбалауды енгізуге қарсы, оның үстіне оны енгізу бойынша пилоттық жобалар идеяның орынсыздығын және дәрменсіздігін көрсеткен болатын.

Үндеу жолдауға Үкіметтің елдің ішкі нарығында сүт өнімдерін, қаптамадағы суды, құрамында қант бар сусындарды, сыраны, алкоголь өнімдерін, сондай-ақ өсімдік майын міндетті таңбалауды қайта қарау және енгізу жөнінде бірнеше мәрте көтерген бастамасы себеп болды. Тамақ өнеркәсібі өкілдерінің пікірінше, міндетті таңбалау бизнес жүргізуде елеулі кедергіге айналады және елдегі қазірдің өзінде бар кедергілерді жою шараларын жоққа шығарады.

«Таңбалау өндірісті, елдер арасындағы өзара сауданы тек қиындатады, сонымен қатар түпкі тұтынушы үшін өнім бағасының қымбаттауына әкеледі. Бизнес үшін мұндай елеулі кедергінің енгізілуі түрлі салалардың тоқырауына, жекелеген тауар түрлерін шығаратын көптеген желілердің жабылуына, сапасы күмәнді импорттық арзан өнімдердің ағылуына, нарық қатысушыларының басым бөлігін құрайтын шағын және орта кәсіпорындардың жабылуына, инвестицияның азаюына, сондай-ақ тұтынушылар үшін өнімнің түпкі құнының өсуі әкеледі», — деп атап өтті «ҚР алкогольсіз сусындар мен шырындар өндірушілері» қауымдастығының жетекшісі Әлия Мамытбаева.

Салалық қауымдастықтардың өкілдерінің пікірінше, әлемдегі қазіргі тұрақсыз геосаяси жағдайды ескере отырып, азық-түлік секторындағы бизнес үшін қосымша міндеттемелер енгізу орынсыз және бизнестің мүддесіне де, мемлекет пен отандық тұтынушылардың мүддесіне де қайшы келеді.

2020-2022 жылдар аралығында Қазақстанда жоғарыда аталған тауар топтарын таңбалау бойынша пилоттық жобалар жүзеге асырылған болатын. Олардың нәтижелері мемлекеттік органдардың және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қатысуымен қаралды.

«Сол кездеақ белгіленген мақсаттарға қол жеткізілмегенін, сондай-ақ өндірістік желілерді біріктіру мен қайта құрылымдаудағы қиындықтарды, кейіннен өнім бағасының өсуін ескере отырып, осы тауар топтары үшін таңбалауды енгізудің орынсыздығы туралы Үкіметтің тиісті Хаттамалық шешімдері қабылданды. Жүзеге асырылған пилоттық жобалардың нәтижелерін қайта қарауға ешбір себеп көріп тұрған жоқпыз және осы тақырыпты күштеп ілгері бастыруды дұрыс деп санамаймыз. Оның үстіне нарықтағы жағдай жақсы жаққа өзгерген жоқ, біздің өндірушілерге арзан импортпен бәсекелесу онсыз да қиын, ал міндетті таңбалауды енгізу салдарынан өнім бағасының сөзсіз өсуіне тұтынушылар риза болмайтыны анық», — деп түсіндірді Қазақстан сүт одағының Президенті Владимир Кожевников.

Сүт өнімдерін, қаптамадағы суды және құрамында қант бар сусындарды, сыраны өндіретін қазақстандық кәсіпорындар міндетті таңбалау енгізілген ЕАЭО елдеріне өнім жеткізгенде ЕЭК Кеңесінің 2021 жылғы 5 наурыздағы № 19 шешімімен бекітілген ЕАЭО таңбалау жүйесінің негізгі үлгісін ұстанады. Осыған байланысты сол елдерге өнім экспорттауға еш кедергі жоқ. Дегенмен, олардың тәжірибесі анық көрсетіп отырғандай, таңбаланған өнімді экспортқа жөнелткен кезде ғана кәсіпорындар қомақты шығынға ұшырайды. Мысалы, азық-түлік өнімдерін таңбалауға арналған бір желінің құны өнімділігіне және конфигурациясына байланысты 20-60 миллион теңге аралығында тұрады, ал таңбалау барысында желі өнімділігінің төмендеуі орта есеппен 30% құрайды.

Бұл ретте 5 жыл ішінде өндірістік қуаттың орташа жылдық жүктемесі 44% құрады. 2017 жылдан бері кәсіпорындардың жүктемесі 50,3%-дан 31,1%-ға дейін төмендегені байқалады. Осындай жағдайда еңбек өнімділігінің 30%-ға дейін төмендеуіне әкелетін міндетті таңбалауды енгізу отандық тауар өндірушілерге қарсы бағытталған әрекет сияқты болып көрінеді. Жабдықтың тозуына байланысты ағымдағы өндірістік мәселелерге таңбалау жабдығына қызмет көрсетуге, кодтарды агрегациялауға және бүкіл қойма логистикасын қайта құрылымдауға байланысты технологиялық және функционалдық ақаулар қосылады. Нарық қатысушылары сондай-ақ Қазақстанда тиісті баспаханалардың жоқтығы ресейлік баспаханалар шығаратын жапсырмаларды жеткізу мерзіміне әсер етіп, өндірісті соларға тәуелді етіп отырғанын айтады.

Таңбалауды енгізу қазақстандық кәсіпкерлерді 3 елдегі және одан да ірі нарықтардағы бәсекелестермен салыстырғанда қолайсыз жағдайда қалдырады. Өндірілген өнімнің өзіндік құны өндіріс көлеміне тәуелді (көлем неғұрлым көп болса, тауар бірлігінің өзіндік құны соғұрлым төмен болады), сондықтан қазақстандық өндірушілер баға бәсекесінде көршілердің ірі өндірістерінен әрдайым ұтылып отырады. Жеткізу мүмкіндігінің болуына және есепке алу процедуралардың қымбаттығына байланысты Қазақстанда жеке тұлғаларға өнімді еліміздің бюджетіне барлық салықтарды төлеген жергілікті өндірушіден/импорттаушыдан сатып алудан гөрі шетелдік онлайн дүкендерден сатып алу әлдеқайда арзан болады.

Таңбалау бастамасын көтеру себептерінің бірі болып табылатын контрафактілік өніммен күреске келетін болсақ, нарық қатысушылары қарастырылып отырған өнім түрлері экономикалық тұрғыдан тиімсіз болғандықтан жиі қолдан жасалатын өнімдер қатарына жатпайтынын көрсететін көптеген деректерді ұсынған болатын, өйткені олардың бағасы төмен, сақтау мерзімі қысқа, сатып алушы белгілі бір брендке таңылып қалмайды.

Сонымен қатар басқа тауарларға, атап айтқанда, темекі бұйымдарына қарасақ, міндетті таңбалауды енгізу олардың көлеңкелі айналымын қысқартуға еш әсер етпегенін көруге болады. Осылайша соңғы үш жылда Nielsen компаниясының бағалауы бойынша заңсыз темекі өнімдерінің үлесі 7 есеге өскен. Егер 2020 жылы заңсыз темекі өнімдерінің деңгейі 1,4% (2021 жылы – 3,3%, 2022 жылы – 6,3%) болса, 2023 жылы алдын ала мәліметтер бойынша жалпы нарықтың 9,5%-на жеткен. Тек темекі өнімдері бойынша бюджетке төленбеген акциздердің шамамен есептелген сомасы 35 млрд. теңгені құрайды.

Оның үстіне Қазақстанда қазірдің өзінде ЭШФ механизмі арқылы қадағалап отыру қарастырылған.

«Ұсынылған таңбалау түрі артық деп санаймыз, өйткені Қазақстанда ЭШФ (электрондық шот-фактуралар) түріндегі өнімді қадағалап отырудың тиімді жүйесі бар. Сонымен қатар бизнес осы жоба аясында ұсынылатын, коммерциялық құпия болып табылатын деректердің қауіпсіздігі мәселесін бірнеше рет көтерген болатын», — дейді «Қазақстанның сыра қайнатушылар одағы» ЗТҚ Президенті Ғалым Тұмабаев.

Премьер-Министр Олжас Бектеновке жолданған үндеуге «ҚР алкогольсіз сусындар мен шырындар өндірушілері» қауымдастығының, Қазақстан сүт одағының, Қазақстанның май одағының, ҚазАлкоТабак қауымдастығының және «Қазақстанның сыра қайнатушылар одағы» ЗТҚ өкілдері қол қойды.

 

«Еуразия» энергетикалық сусындар қауымдастығының баспасөз қызметі

 

 

 

Последние новости

22.10.2024
«Мақсатты мектеп»: аяғы ауыр мұғалімдер мен директорлар неге тест тапсырмайды
22.10.2024
Yandex Qazaqstan Яндекс Карты қолданбасына баспалдақтар мен тік өрлерді айналып өту мүмкіндігін қосты 
22.10.2024
Мемлекетке қайтарылған қаржыға Ақмола мен Түркістан облыстарында спорт және музыка мектебі салынады
22.10.2024
Театр қызметкерлерінің айлығына бюджеттен қанша қаражат бөлінді – Бектеновтің жауабы
22.10.2024
Қорғаныс министрлігі 1500 грант ұсынған: тегін оқуға 18 мыңдай сарбаз үміткер болды
22.10.2024
Маркировка погубит отечественного производителя: отраслевые ассоциации обратились к премьеру
22.10.2024
Yandex Qazaqstan добавил в Карты возможность избегать лестницы и резкие подъёмы на пути
22.10.2024
Ұлытау облысы бензин тапшылығына ұшырады