“ЕШКІМГЕ ЖҮГІНБЕДІМ”
Бұған дейін әлеуметтік желілер мен БАҚ-тарда Талғарда ұсталған Хасан Қасымбаев («Хуторлықтар» тобының басшысы делінген) пен сенатор Жанболат Жөргенбаевтың туыстығы жөнінде ақпарат пайда болған еді. Депутат бізге бұл шындық екенін мойындаған, бірақ ол Хасан мен оның ағаларына ешқандай көмек көрсетпедім дейді Tengrinews.kz келтірген мәліметте.
– Ол маған алыс туыс екенін растай аламын. Облыстағы басқа да тұрғындар сияқты. Өздеріңіз білетіндей, қазақта туыс көп. Бірақ біз үнемі байланыста болған жоқпыз. Ең көп дегенде, үлкен отбасылық тойда немесе жерлеу рәсімінде кездесуіміз мүмкін.
Талғар ауданы аппаратының бұрынғы басшысы Аслан Қасымбаевтың өз қызметін сақтап қалуы үшін ешкімге жүгінбегенімді және ешқандай қадам жасамағанымды ресми түрде мәлімдегім келеді. Сонымен қатар, мен Хасан Қасымбаевқа қатысты тергеу барысына еш ықпал жасауға тырыспадым, – дейді ол.
ОЛ ҚАЙ СЕНАТОР
Алматы облысынан сайланған сенатор Жанболат Жөргенбаев Кеген ауданы Қарқара ауылында туған. Талғар ауданы Алматы мал бордақылау кеңшарының инженері, жылутехнигі, ауылшарушылық дақылдарын өсіру бригадирі, аға инженері болып еңбек жолын бастаған. Әр жылдары Қапшағай қаласы әкімінің бірінші орынбасары, Қарасай ауданы Қаскелен қаласы әкімінің орынбасары, «Идиль-Ақсу» ЖШС-ң жоба жетекшісі, «Ақсу» АҚ вице-президенті, «Қарасай Құрылыс» ЖШС бас директоры, «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған.
ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ХАБАРЛАМАСЫ
Хасан Қасымбаев 2 қараша күні 2021 жылғы маусымда болған іс аясында ұсталған. Ол А. есімді азаматтың денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіріп, оны ұрлады деген күдікпен ұсталғандардың бірі. Хасан Қасымбаевтан өзге қылмыскерлер қазіргі уақытта жазасын бас бостандығынан айыру орындарында өтеп жатыр.
Хасан Қасымбаевтың есімі Талғардағы 16 жастағы Шерзаттың қазасынан кейін қаладағы бұзақылық, қылмыстық істердің артында тұрған басты адам, “Хутор” ҰҚТ-ның жетекшісі ретінде айтыла бастады. Алайда ресми органдар мұны терістеп, Талғарда ешқандай қылмыстық топ жоқ, аталған оқиғалар бойынша күдіктілердің Хасан Қасымбаевпен байланысы анықталмады деген. Хасан Қасымбаев та көпшілікке үндеу жолдап, өзінің қандайда бір қылмыстық әрекеттермен байланысын жоққа шығарған. “Хасанды” қорғап үндеу жасаған ауылдастары оны қайырымды, ауылға, мұқтаж адамдарға белсене қол үшін беретін адам ретінде сипаттаған. Жуырда қоғамдық резонансқа айналған істен кейін Хасан Қасымбаевтың ағасы Аслан Қасымбаев Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметінен босатылған.
Таяуда Хасан Қасымбаевтың қамалуына негіз болған істегі жәбірленушінің анасы мен адвокаты баспасөз жиынын өткізіп, істің қалай болғанын айтып берген еді.