Елімізде көпқабатты үйлердегі өртті сөндіру үшін алғаш рет дрондар қолданылады

2024-11-12 10:27:14

Ол төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін министрлік бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігін күшейтіп жатқанын атап өтті.

«Биыл республикалық, жергілікті бюджет есебінен және лизинг арқылы 728 бірлік арнайы автотехника мен 18 мыңнан астам құрал-жабдық сатып алып жатырмыз. Ең алдымен, техниканы аудандық бөлімшелердің қажеттігіне қарай бөлеміз. Биік ғимараттарды сөндіруге арналған өртке қарсы екі дрон материалдық-техникалық қамтамасыз етуді нығайту аясында алғаш рет сатып алынады», — деді Әрінов үкімет отырысында.

Сонымен қатар, Ақмола облысында пилоттық жоба аясында өрт сөндірушілерден, дәрігерлер мен құтқарушылардан тұратын әмбебап бөлімше құрылған. Бұл зардап шеккендерді жедел түрде кешенді құтқару мен оларға алғашқы көмек көрсету мүмкіндігін береді.

Министр өрт сөндіру бөлімшелерін салу тәсілі қайта қаралғанын айтты. Нақтырақ айтқанда, тамыз айынан бастап Астанада 3,5 айдың ішінде жылдам тұрғызылатын конструкциялардан салынған өрт сөндіру бөлімшесі жұмыс істейді.

«Барлық өңірде құрылыстың осындай тәсілі енгізіледі. Жалпы, біздің елімізге 121 өрт сөндіру депосы қажет», — деді ол.