Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, күзгі және көктемгі әскерге шақыру науқаны кезінде шақыру қағазын алған жастар жергілікті әскери басқару органдарына өз еркімен бармайды. Сонымен қатар, әскерге шақырылушыларды тіркеуге олардың тіркелген мекенжайында болмауы, көшкен кезде жаңа мекенжай бойынша тіркелмеуі де ебеп болады.
«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, шақыру қағазын жеке өзі тапсыру мүмкін болмаған жағдайда, оның келуін қамтамасыз ету ішкі істер органдарына жүктеледі. Рейдтік іс-шараларды өткізу кезінде кейде азаматтар полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, қарсылық танытады. Мұндай жағдайларда полиция оларды мәжбүрлеп ұстап, жеткізуді жүзеге асыруға құқылы», – делінген министрлік хабарламасында.
Әскерге шақырылатын адамның мәртебесін шақыру комиссиясы анықтайды. Мiндеттi әскери қызметке шақыру үшiн негiз болмаған жағдайда үйiне жiберiледi. Ал негiз табылса медициналық куәландырудан өтуге және шақыру шеңберiнде өзге де қызметтi жүзеге асыруға жiберiледi.
Қорғаныс министрлігі міндетті әскери қызметке шақырудан жалтару үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады.
Айта кетейік, бұған дейін Желіде Ақтөбедегі дүкендердің бірінде жігітті әскери бөлімшеге күштеп алып кеткен сәт түсірілген видео тараған еді.