Қазақстанда фермерлерге беріліп келген субсидияны алып тастайды

2024-11-18 12:27:30

САПАРОВ НЕ ДЕЙДІ

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров қазақстандық фермерлерді жеңілдікпен қаржыландыру ережелеріндегі өзгерістер енгізілетінін айтты. Шаруаларға бұдан былай субсидияның орнына жеңлі несие беріледі.

Сапаровтың әдетте субсидияға бөлінген қаражаттың 50% банктердің немесе қаржы институттарының пайыздық мөлшерлемелері сияқты қаржы құралдарына бағытталып келген.

– Сондықтан біз мұны қалай шештік? Биыл ережелер, жаңа өзгерістер енгізілді. Қазір субсидиясыз, 5% жеңілдетілген қаржыландырумен береміз, — деді ол.

Министр алдағы жылдан бастап көктемгі-күзгі егін жинау жұмыстары үшін пайыздық мөлшерлеме бойынша субсидиялау толығымен жойылатынын атап өтті. Оның орнына фермерлер субсидиясыз 5% несие алады.

Бұрын, субсидиялар болмаған жағдайда, фермерлер банктер және қаржы институттары арқылы үшжақты шарт бойынша 22% төлеуге мәжбүр болған. Енді келісімшарт екі жақты болады, фермер тек 5% төлейді, бұл несие алу процесін жеңілдетеді деп есептейді министрлік.

– Екі жақты келісімшарт бойынша фермер 5% алады. Содан кейін ол егінін егіп, тазалап, өз жұмысымен айналысуы керек, — деп атап өтті Сапаров.

СУБСИДИЯ

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қазақстандағы аграршылар субсидия түрінде 114 млрд теңгеден астам қаражат алғаны белгілі болған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, елде 270 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тіркелген. Бұған дейін үкімет басшысы Олжас Бектенов ауыл шаруашылығы субсидияларының бөлінуін бақылау туралы айтқан болатын.