«Құйтұрқылықтар жүріп жатыр». Жаңаөзендегі жұмысшылар ҚазМұнайГаз алдымызға келсін дейді

2024-11-18 12:27:30

МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ЕРЕУІЛДЕТІП ТҰР

Ulysmedia.kz тілшісімен сөйлескен қызметкерлердің бірі Мұратбай Жұмағалиев жауабын жұмысшылардың бетіне тік қарай алмайтындықтан осылай таратып отыр деп санайды.

“Себебі олардың арты таза емес” дейді ол.

Оның сөзінше, бүгінде «Бұрғылау жұмыстары басқармасы» компаниясының автобекетінде күндіз-түні мыңнан астам адам ереуілдетіп тұр.

ТАЛАПТАРЫ ӨЗГЕРМЕГЕН

— ӨМГ зейнеткерлері мен денсаулығынан айырылған мұнайшылардың балаларын тікелей штатқа алу;

— Жаңаөзен қаласында жұмыссыздық мәселесін шешу;

— Ұжымдық шартта 2013 дейін болған дербес еңбекақы төлеу жүйесін қайтару;

— машинистер мен операторлардың дәрежесін көтеру;

— 30% қосымша жалақы тәртібін төлеуді ұжымдық шартқа енгізу.

Компания қызметкерлерінің 13 қарашадан бері жұмысты тоқтатуына байланысты сотқа жүгінетінін жеткізген.

ҚҰЙТҰРҚЫЛЫҚ

Мұратбай Жұмағалиев ереуілдің арты Жаңаөзендегі 2011 жылғы оқиға сияқты болып кете ме деп қауіптенеді. Оның айтуынша, ереуілшілер арасында спорттық киімдегі адамдар құйтұрқылықтармен айналысып жүр.

“Сендердің кәсіподақтарың алдап жүр” деп бір-бірімізге айдап салғысы келеді. Құйтұрқылықтар жүріп жатыр” дейді ол.

Мұратбай Жұмағалиев Ulysmedia.kz тілшісіне мұндай әрекеттер өздерін тоқтата алмайтынын, талаптары бойынша дұрыс диалог болғанға дейін тарқамайтынын айтып, жұмысшылар қажет болса, “Тоқаев келгенге дейін тұрамыз” деп бекінгенін жеткізді.

Бұған дейін “ҚазМұнайГаз” компаниясы “Өзенмұнайгаздың” наразы жұмысшыларының талабына жауап беріп, олардың талабын орындау мүмкін еместігін мәлім еткен.