Сенатор Сұлтанбек Мәкежанов депутаттардың кейбір ұсыныстары қолдау тапқанын айтты.
«Сенат комитеттері мен депутаттарының барлық ескертуі мен ұсынысы салыстырма кестеге жинақталды. «2025 – 2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының заңын Сенат отырысының қарауына енгізеді және Конституцияның 61-бабының 4-тармағына сәйкес заңның жекелеген баптарын мақұлдамауды және заңның көрсетілген баптарының жаңа редакциясын ұсына отырып, оны Мәжіліске қайтаруды ұсынады»,- деді Мәкежанов.
Бірақ, сенаторлар «Ұлттық қордан 2025 – 2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасын мақұлдады.
Қаржы министрі Мәди Тәкиев заң жобасы бюджет кодексінің ережелері негізінде әзірленгенін айтқан еді.
«Кепілдендірілген трансферттің мөлшері бюджеттік қағидаларға сәйкес анықталған. Заң жобасында мұнайдың кесімді бағасы 2025 жылы барреліне 42,3 доллары, 2026-2027 жылдары барреліне 41 – 39,4 доллары деңгейінде белгіленген. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2025-2027 жылдарға жыл сайын 2 трлн теңге көлемінде айқындалды. Жоспарлы кезеңде Ұлттық қордың таза валюталық активтері болжам бойынша 2025 жылы 62,2 млрд долларын, 2026-2027 жылдары 69,9 – 78,7 млрд долларын құрайды. Заң жобасын қабылдау республикалық бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді»,- деді министр сенат отырысында.
2025 жылы шығыстарды ұлғайту бойынша ұсыныстарға 60,0 млрд теңге сомасына қолдау көрсетілді.Шығыстарды ұлғайту үкімет резервін қайта бөлу есебінен жүзеге асырылады.
«Баяндалғанның негізінде қаржы және бюджет комитеті мыналарды ұсынады: »Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2025 – 2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Қазақстан Республикасының заңы мақұлдансын»,- деді Мәкежанов.