Білім беру жүйесінің маңызды салаларының бірі - кәсіптік білім беру болып табылады. Ал ауданымызда осы кәсіптік-техникалық білім беру бағытында жұмыс жасап жатқан бірқатар білім мекемелері бар.
Бүгін біз Қаскелең қаласында орналасқан Санжар Жандосов атындағы кәсіптік-техникалық колледжі туралы айтайық.
Алдымен уақытты артқа шегіндіріп, колледж тарихына үңілсек. Бастапқыда аталған колледж қоғам қайраткері Санжар Оразұлы Жандосовтың ұсынысымен № 11 орта кәсіптік – техникалық училищесі болып құрылған. Содан 1996 жылы №11 кәсіптік – техникалық училищесі, одан кейін кәсіптік – техникалық мектеп және лицей болып өзгерген. Сол жылы білім ордасына Санжар Жандосовтың аты берілген екен.
Қазіргі таңда кәсіптік-техникалық колледж ретінде жұмысын жалғастырып жатқан білім ошағы өзі жұмыс жасап келе жатқан кезеңдерде қала және аудан ұйымдары мен мекемелерінің талабына сай техникалық және қызмет көрсету мамандарын дайындап шығарады. Атап айтсақ:
- «Автомобиль көлігіне қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану»
- «Дәнекерлеу ісі»
- «Тамақтандыруды ұйымдастыру»
- «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу»
- «Шаштараз өнері және сәндік косметика»
- «Ферма шаруашылығы»
Жыл сайын колледжден аталған мамандықтарды игерген 250 түлек ұшып шығады. Бұл білім мекемесін 2014 жылдан бастап профессор Қыдырбекұлы Алгатбек басқарады. Ол өз ісін жетік білетін, тәжірибелі маман, бірнеше ғылыми еңбектердің авторы. Білікті басшы кәсіптік-техникалық мамандықтардың жоғары сұранысқа ие екендігін алға тартады.
Болашақ мамандарды даярлауда оқу процесін өндіріспен байланыстыру – басты мәселе. Өйткені, оқу мен өндірістік кәсіпорындармен байланыс жасамай, білікті маман дайындау мүмкін емес. Болашақ мамандардың кәсіптік жарамдылығы өндірістік оқыту барысында байқалады. Олардың көбі өздерін жан-жақты көрсету барысында жұмысқа орналасуға жолдама ала алады. Сонымен қатар болашақ жас мамандарда жауапкершілік және өз бетімен шешім қабылдай білу қасиеттерімен қатар өндірістік машықтану кезінде өзін -өзі ұстауы, тілдесе білуі, сыртқы келбеті, киім киісі де маңызды роль атқарады. Мамандыққа және жас маманға қойылатын талаптарды меңгерген әрбір студент өзінің жұмысқа икемділігі мен мүмкіндігін, оған жауап бере алатынына көз жеткізіп орналаса алады.
Сонымен қатар, колледж кадрлық ресурс құрылуына қызығушылық танытатын өте сәтті дамыған компаниялармен, мекемелермен, фирмалармен ұзақ жылдар бойы серіктес болып келеді. Алматы облыстық Кәсіпкерлер палатасымен және әлеуметтік серіктестермен бірлесе қызмет ету туралы келісім жасалып, үш жақты меморандумдар бекітілген. Олардың қатарында «ELKOS» және «Даулет-Серпин 603» жауапкершілігі шектеулі серіктетері, «Қаскелең» автопаркі» , «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ, Алтын Жұлдыз тігін цехы, «Бамбарбия Кергуду» және «Hama park» мейрамханалары, және тағы басқалары бар.
Колледждің оқу-материалдық қоры қазіргі заманғы интерактивті технологиялармен және түрлі үлгідегі құрылғылармен жабдықталған. Олар: 32 – оқу кабинеттері, 7 – зертхана, 10 – шеберхана, 15 – интерактивті тақта, 15 – мультимедиялық проектор, 104 – компьютер, 20 600 дана кітап қоры бар кітапхана, 50 адамдық оқу залы, акт залы, мәжіліс залы, студенттік асхана, жатақханамен қамтамасыз етілген. Студенттер оқу шеберханаларында теориялық білімдерін ұштастыра отырып білім алады. Шеберханалар, арнайы технологиялар кабинеттері мен зертханалар ең жаңа құрылғылармен жабдықталған.
Бастысы, жоғары деңгейлі кәсіби педагогикалық ұжым жасақталып, оқытушылар мен студенттер арасында тиімді білім жүйесі мен тәрбиелі орта қалыптасқан. Бәсекеге қабілетті маман даярлауда колледжде 65 инженер-педагог қызметкерлері бар, оның ішінде экономика ғылымдарының кандидаты, ғылым магистрлері, жоғары санатты мұғалімдер бар. Олар халықаралық, республикалық, облыстық біліктілікті арттыру курстарынан өз білімдерін үздіксіз жетілдіріп отырады. Германия, Франция сияқты шетелдерде тәжірибе алмасып тұрады. Колледж мұғалімдері мен студенттері үнемі түрлі жобаларға, ғылыми зерттеу жұмыстарына, байқауларға қатысып, жеңіс тұғырынан көрініп жүр.
Осы орайда айтарымыз, құрметті жас түлектер! Егер сіздер кәсіптік-техникалық мамандықтарды игерем десеңіздер, Санжар Жандосов атындағы колледжінде тегін білім алу мүмкіндігі бар екені естеріңізде болсын.