Бүгінгі таңда Қазақстанда латын қарпіне көшу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2025 жылға дейінгі іс-шаралар жоспары бар. Жаңа әліпби бекітіліп, жұмыс топтары құрылды, арнайы оқыту курстары да ашылды. Қазір тіл мамандары мен ғалымдар арнайы сөздіктер мен анықтамаларды латын қарпіне көшіру бойынша жұмыс істеп жатыр. Сарапшылардың пайымдауынша, 6 жылдан кейін еліміздің барлық балабақшаларында және оқу орындарында латын әліпбиі енгізіледі. Құжаттар, хаттар, бұйрықтар жазылатын фирмалық бланктар, мөрлер ауысады. Қазірдің өзінде мекемелердің, бөлімдердің маңдайша жазулары толықтай латын қарпіне көшіріліп жатыр. Яғни, елімізде латын графикасын қолдану аясы кеңейіп келеді.
Таяуда, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен, орталық кітапхана қабырғасында өткен дөңгелек үстел барысында бұл мәселелердің мазмұны ашылып, алдағы мақсат кезекті рет айқындалды. «Жазу реформасы – жаңа қазақстандық патриотизм құндылықтарын қалыптастыру тетігі» атты жиынға қала мен ауылдық округ әкімдіктерінің және мемлекеттік мекемелердің тілге жауапты мамандары, жастар қатысты. Ал, арнайы шақырылған қонақтар өз салалары бойынша маңызды ақпараттармен бөлісті. Бас қосу тізгінін ұйымдастырушы бөлімнің бас маманы Ләззат Әуелбекова ұстады.
Бір айта кетерлігі жоғарыда жұмыстарды жүйелі жолға қою мақсатында республика бойынша, Қарағанды облысы, Нұрсұлтан қаласы және Қарасай ауданы тәжірибе алаңы ретінде алынған. Арнайы жұмыс тобы құрылып, оның құрамына білікті тіл мамандары енген. Олардың қатарында филология ғылымдарының кандидаты, Сүлейман Демирел атындағы университетінің ассистент-профессоры Нұрсәуле Рсалиева да бар. Тіл маманы «Мекеме маңдайшаларын латын қарпінде әзірлеу мәселесі» тақырыбында кеңінен сөз қозғады. Осы мақсатта Қарасай ауданы бойынша жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижесін ортаға салып, маңдайша жазбалары мен қызмет көрсету нысандары атауларының дұрыс-бұрыстығын талдады.
Сондай-ақ, аудандық Қазақ тілі қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы, ардагер ұстаз, ҚР оқу ісінің үздігі Ақлима Көсемова, Алматы облысының мемлекеттік архиві, Қарасай аудандық филиалының архивисі Дина Бакилова латын қарпінің табиғатымызға жат еместігін алға тартып, бастаманың тиімді тұстарын сөз етті.
Өз кезегінде көпшілік алдында есеп берген Алматы облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы» Қарасай аудандық филиалының меңгерушісі Жанар Оразалиева қазіргі таңда облыс бойынша 19 тіл орталығы барын айтты. Аудандағы орталық ұжымы 8 мекемеге басшылары мен орынбасарларын қосқанда барлығы 75 қызметкерге 6 ай бойы латын әліпбиін үйретпек.
Клара Көпбаева