"Келешекке кемел біліммен!" . Дүйсенбі күні осындай тақырыпта өткен тамыз кеңесінде аудан ұстаздары бас қосты, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі. Жиынға аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы қатысып, мұғалімдер алдында білім саласына, жалпы аудандағы әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты мәселелер туралы әңгіме қозғады.
Алдымен аудандық білім бөлімінің басшысы Жарқын Нұрғалымов көлемді баяндама оқып, өткен оқу жылының қорытындысын жасады.
Бас педагогтың сөзіне сүйенсек, аудан бойынша барлығы 54 мектеп, 4285 мұғалім бар. Былтырғы оқу жылын 57338 оқушы аяқтаған. Оқушылардың саны әлдеқайда артқан. Соған байланысты 11 мектеп үш ауысымда білім беруге мәжбүр болған. Бұл проблеманы шешу мақсатында бірқатар білім мекемелеріне жапсаржай салуға, күрделі жөндеуге қаражат бөлінген. Бір айта кетерлігі, бірнеше жылдан бері шешімін таппай келген үлкен мәселе ол Әйтей ауылындағы Қосынов мектебі ғимаратының апаттық жағдайға түсу қауіпінің алдын алу болатын. Осы мақсатта аудан әкімі Жандарбек Ермекұлының бастамасымен жаңа мектеп құрылысын жүргізу үшін жер телімі қарастырылып, Әйтей ауылына мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде 1200 орындық мектеп салынып, қолданысқа берілді.
Бұдан бөлек, оқу жылының соңындағы аудан бойынша білім сапасы -63,7 % құрағаны, ол көрсеткіш былтырғы оқу жылымен салытырғанда 5,7%-ға жоғарылағаны алға тартылды. 59 оқушы «Алтын белгі» төсбелгісін алып, 54 оқушы «Үздік аттестат» игері атанған. Осы жазда 55409 оқушы демалыспен және жұмыспен қамтылып, 1741 оқушы жалпыға бірдей білім беру қорынан қарастырылған 37 млн 431 мың 500 теңгеге лагерьге жіберілген.
Биылғы жылы жетім және ата-анасының қамқорынсыз қалған 35 балаға қорғаншылық тағайындалып, Алматы облыстық №1 балалар үйіне 2 бала орналастырылған, 8 бала асырап алуға берілген.
Жұмысқа қабылданған 141 жас маманның 53-і «Дипломмен ауылға» бағдарламасы негізінде 9 млн 367 мың теңге көлемінде жәрдемақы алыпты.
Мектепке дейінгі тәрбиеге келер болсақ, аудан бойынша 10 мемлекеттік, 97 жекеменшік балабақша, 23 мемлекеттік және 2 жекеменшік мектепке дейінгі шағын орталық жұмыс істейді. Бүгінгі күнге 3-6 жас аралығындағы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған жалпы бала саны - 8051. Ол 97,2 % құрайды. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 4,7 % ға өскен дейді бас педагог. Ал, жаңа 2019-2020 оқу жылында ауданымызда мемлекеттік тапсырыс бойынша 1200 орынға 10 жекеменшік балабақша ашу жоспарлануда.
Жарқын Нұрланұлы білім саласындағы кей проблемаларға да тоқталды. Мысалы, қазір 11 мектептің 3 ауысымда жұмыс жүргізу болжамы бар. Сонымен қатар, орыс сыныптарында сабақ жүргізетін пән мұғалімдерінің жетіспеушілігі, инклюзивті білім беруге байланысты арнайы мамандардың тапшылығы сияқты бірқатар келелі мәселелер бар көрінеді. Дегенмен, ата-аналарды қызықтыратын бірыңғай мектеп формасы, оқушылардың қауіпсіздігі, кітап жетіспеушілігі сияқты басқа сұрақтар алқалы жиында қозғалған жоқ. Тек жаңа оқу жылында жаңартылған бағдарламамен білім алатын 4, 9, 10 сыныптарға, мектепалды даярлық топтарына, тағы да басқа сыныптардағы қажетті оқулықтар 702 млн 472 мың теңгеге сатып алынғаны сөз болды.
Баяндамашының айтуы бойынша, бүгінгі күні "Мектепке жол" акциясы шеңберінде 649 оқушыға 7 млн 401 мың теңгеге көмек көрсетілген.
Ал, мінберге шыққан аудан басшысы алдына қойылған баяндаманы оқып бере салған жоқ. Керісінше, білім саласындағы, жалпы аудандағы келелі мәселелерді қозғады.
Сенбілікке мұғалімдерді шығару сияқты даулы мәселені де наазардан тыс қалдырмады. Білім сапасын әлі де көтеру қажеттігін, өскелең ұрпаққа сапалы білім беру керектігін айтқан Жандарбек Ермекұлы педагогтар қауымына табыс тілеп, бірқатар мұғалімдерді марапаттады.