Қарасай ауданында «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.
25 қараша - Халықаралық әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою күніне орай ұйымдастырылған шара тұрғындар арасында нәзікжандыларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға, ана мен баланы қорғауға, қоғамдағы отбасының рөлін күшейтуге бағытталған. Акция 10 желтоқсанға дейін жалғасатын болады.
Аталған іс-шараға аудандық Полиция басқармасы Жергілікті полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары, Ювеналдық полиция тобының қызметкерлері, Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы жұмылдырылып, аудан тұрғындары арасында тұрмыстағы орын алатын қылмыстардың алдын алуға бағытталған жоспарлы жұмыстар ұйымдастырылуда.
Осы орайда, жергілікті азаматшалардың тұрмыстағы қауіпсіздігі мен құқығын қорғауды қамтамасыз ететін Полициядағы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы бар екенін еске саламыз.
Бұл мақсаттағы жұмыстар әрине, жергілікті атқарушы органдар, аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының, «Нұр Отан» партиясы, прокуратура, білім беру, денсаулық сақтау органдары, мемлекеттік емес мекемелер және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің жұмылдырылған кешенді күшімен жүзеге асырылады.
Иә, өкінішке орай, әлемде белең алған тұрмыстық заң бұзушылық біздің елімізде де өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Оның басты себебін маскүнемдік, жұмыссыздық, тұрмыс жағдайының ауырлығы сияқты әлеуметтік жайлар құрайды. Тұрмыста жапа шегетіндер негізінен әйел адамдар. Отбасында әйелдерге былапыт сөйлеу, қорлап тиісу, кемсіту, тыныштығын бұзатын басқа да әрекеттерге қатысты істер саны азаймай отыр. Қанша қысым көріп, моральдық зардап шексе де әйел-ана кешіріммен қарап, отбасының бірлігін ойлайды. Ұят пен ар-намысты ойлап, «Бас сынса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» қалады.
«Президентіміздің Гендерлік теңдік стратегиясын бекіту туралы Жарлығында «отбасы мүшесінің заңды құқықтары мен бостандықтарына қысым көрсететін, оның тәнін немесе жан дүниесін қинап, моральдық зиян келтіретін отбасының бір мүшесінің екінші мүшесіне қысым көрсетуі отбасындағы зорлық-зомбылық» болып танылатыны көрсетілген.
Біздің тарапымыздан Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу туралы» Заңына сәйкес құқық бұзушыға қорғау нұсқамасы шығарылып, мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленеді, учаскелік полиция қызметкерлерімен бірге профилактикалық жұмыстар жүргізіледі» - дейді Қарасай АПБ ЖПҚБ
Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы полиция майоры Эльмира Есенбаева.
Егер сіз немесе сіздің жақындарыңыз тұрмыста зорлық-зомбылық көрсе, аталған топтың 2-35-64 сенім телефонына қоңырау шалыңыз.