Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Қарасай ауданындағы газ жүйесін қатаң бақылауға алуға тапсырма берді, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.
Бүгін Қарасай ауданының әкімі Ж.Далабаевтың халық алдындағы қорытынды есеп беру-кездесу жиыны өтті. Аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған жиынға аудандық бөлім басшылары мен өкілдерінен бөлек, облыстық басқарма бастықтары да қатысып отырды. Сондай-ақ, құрметті қонақтар қатарында қоғам қайраткері Болат Назарбаев та болды.
Алдымен аудан әкімі өткен жылғы атқарылған жұмыстарды жүйелі жеткізген баяндамасын оқыды. Залда отырғандар тарапынан бірнеше сұрақтар қойылды.
Мұнан кейін мінбеге облыс басшысы Амандық Ғаббасұлы шығып, жалпы өңір көлемінде қолға алынып жатқан көп жұмысты тілге тиек етті. Қарасай ауданына қатысты жүйелі жетістіктерге тоқталған облыс әкімі әлі де атқарылуы тиіс жұмыстарды сөз етіп, Ж.Далабаевқа нақты тапсырмалар жүктеді. Соның бірі – ауданымыздың газдандыру жүйесіне қатысты болды.
«Тұрғындар өз қауіпсіздігі үшін алаңдап өмір сүрмеуі керек... Қайта газ-ауа қоспасы жоғарғы қабатта, аз мөлшерде жиналған. Соның өзінде бір кішкентай бала мен үлкен апа қайтыс болды. Ал, егер бұл газ қоспасы төменгі қабатта жиналса ше? Бүкіл үйдің күлі көкке ұшар ма еді? Жарылыстан соң тексеру барысында байқап, төбе шашымыз тік тұрды. Бұл газ беруші мекеме өз жұмыстарына қалай салғырт қараған? Былайша айтқанда, халықты жарылуға жақын минаның үстіне отырғызып қойғанмен тең ғой?! Сол үшін мен барлығын ауыстыруға тапсырма бердім...» - деді Амандық Ғаббасұлы өз сөзінде.
Естеріңізге сала кетсек, 8 қаңтарда Қаскелең қаласындағы Төле би көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде газ жарылысы болып, салдарынан 10 жастағы бала мен 1939 жылғы қарт кісі қаза тапқан болтын. Қазіргі таңда әкімдік тарапынан зардап шеккен отбсылардың үйлері қалпына келтіріліп, тергеу жұмыстары жүріп жатыр.