2019 жылы аудан бойынша 4838 отбасына АӘК тағайындалып, оларға көмек ретінде 2 417 252 000 теңге көлемінде жәрдемақы төленген, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Айжан Назарбаева редакция тілшісіне берген сұхбатында мәлімдеді.
- Соңғы уақыттарда еліміз бойынша көп балалы аналар мен тұрмысы төмен отбасылардың жағдайлары басты назарға алынғаны өздеріңізге белгілі. Олардың тұрмыстық деңгейін жақсарту мақсатында мемлекет тарапынан қолдау да көрсетіліп тұрады. Біздің аудан көлемінде де осы мәселелерге қатысты жұмыстар атқарылып, аз қамтыған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындау жағын жүзеге асыруда, деді А.Назарбаева.
Атаулы әлеуметтік көмек жәрдемақысы аз қамтылған отбасыларға бағытталғанын айта кеткен жөн. А.Назарбаеваның сөзінше, кейбір отбасылардың осы талапқа сай еместігі анықталған. Мәселен, 2019 жылы тұрмыстық жағдайы жоғары, тұрғын үйлері үлкен, балалары басқа өңірлерде оқитын отбасылар және жоғары көлемде жалақы алатын азаматтар жалақысын жасырып, атаулы көмекке жүгініп, жәрдемақыға қол жеткізген. Бірақ заң аясында осындай фактілер анықталып, тиісті шаралар қолданылған. Соның нәтижесінде ауданымыз бойынша 1303 отбасыға АӘК қайта есептелініп, 683 отбасыға жәрдемақысын қайтару жұмыстары жүргізілген.
Бұдан бөлек, "2020 жылы атаулы әлеуметтік көмек алушы азаматтардың балаларын мемлекеттік әлеуметтік пакетпен, яғни, азық түлікпен және гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету жағы қарастырылды. Бүгінгі таңда әлеуметтік пакетке қажетті қаражат бөлінді. Аудан бойынша 1268 балаға ай сайын 1 жастан 3 жасқа дейін азық түлік пакеті әр балаға 4707 теңге көлемінде (1268 бала аудан бойынша), ай сайын 3 жастан 6 жасқа дейін азық түлік пакеті әр балаға 4707 теңге көлемінде (1934 бала аудан бойынша), сонымен қатар, тоқсан сайын 1 жастан 6 жасқа дейін гигиеналық құралдар әр балаға 1750 теңге көлемінде берілетін болады (3202 бала аудан бойынша)." - деді А.Назарбаева.