Қазақстанда коронавирустан қауіптенген кей тұрғындар құрбан шалып жатыр, деп хабарлайды Kaskelenkz Azattyq-ruhy.kz сайтына сілтеме жасап.
Алматы облысының тұрғындары індеттің бетін осылай қайтармақ.
Шараны ұйымдастырған азаматтар халық арасында тараған індеттің бетін қайтару үшін амал қылып жатқандарын айтады. Өйткені, Құдайдан тілек тілеп, қан шығарып, құрбан шалу – қиындықтан құтқарады деген түсінік бұрыннан бар.
«Зуқа батыр атындағы мешітке келетін біраз жігіт жиналып, 400 мың теңгеге таза жеммен семірген бұқаны сатып алдық. «Садақа бәле-жаланы қайтарады» деген. Осындай індет қаптап жатқанда құрбан шалып, Алладан тілек тіледік», - деді шараны ұйымдастырушылардың бірі Саяхат Әсімхан.
Құрбандық малынан екі жүз елу келідей ет шыққанын айтады. Елдің тілеуін тілеуге Қарасай ауданы Райымбек батыр ауылының тұрғындарымен бірге, жергілікті имам да қатысқан. Олар бөлшектелген етті 44 дорбаға салып, жағдайы нашар отбасыларға таратып шыққан.
«Ел арасында қазанға қара су қайнатып отырған, жағдайы өте нашар адамдар көп екен. Балалы-шағалы отбасыларға, жалғызбасты әйелдер мен қарияларға тараттық. Ел басына күн туған сәтте, шынын айтсақ, іштей қатты қиналып кеттік. Шыдай алмай, бұрынғы салтымызды жасап көрейік деп шештік. Індеттің беті қайтпай тұр», - деді ауыл тұрғыны.
Бұдан бір күн бұрын Қырғауылды ауылындағы Халифа Алтай атындағы мешітте де құрбандық шалынған. Ал имамдар халықтың бұл әрекетін қолдағанымен, сойылған мал құрбандық ретінде саналмайды деп түсіндірді. Айт намазына дейін немесе жәй уақытта сойған мал тек садақа болып саналады. Бірақ садақа бәленің бетін қайтарады деген түсінік дұрыс екенін айтады.
«Құрбандық «Құдайға жақындау» деген мағынаны білдіреді. Құрбан шалу айт намазынан кейін, яғни, Құрбан айтта ғана сойылады. Бауырларымыздың қазіргі әрекеттері – садақа. Пайғамбарымыз «Кімде-кім малды айт намазына дейін шалса, ол өзінің жеке қажеті үшін жұмсалған болып саналады» деп айтқан. Сондықтан қазір ел бәледен Құдай сақтайды деген оймен садақа шығарып жатыр. Садақаны заттай да, ақшалай да беруге немесе шығаруға болады», - деді Алматы қаласы бойынша пәтуә бөліміне жауапты қызметкер Қайрат Дабуов.