Алматы облысында ТЖ кезінде әскери қызмет атқаруға 200 астам жігіт өтініш берсе, олардың 78 ғана медициналық тексеруден сүрінбей өткен. Олар бүгін алғашқы жұмыс күндерін бастады. Сарбаздар «Асыл Арман» тұрғын үй кешенін күзетеді. Бүгінгі таңда 5 мыңнан астам пәтерлі 21 көпқабатты үй карантинге жабылған. Екі адамнан коронавирус инфекциясы табылған кешенде 22 мың халық тұрады.
Іріктеліп алынған 78 жігіт әскери казармада 3 айға дейін тұрады.
«Ел үмітін атқаратын ерлеріміз Әскери қорғаныс істері жөніндегі бөлімнен тізім бойынша түгенделіп, Қаскелең қаласындағы №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне орналастырылды. Өйткені, дәл осы орталық азаматтарымыз үшін арнайы казарма ретінде жабдықталған. Келе сала әрбірі құжаттарын өткізіп, әскери формаларын түгендеп, темірдей тәртіпке қайта оралды», - делінген Алматы облысы әкімдігің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Естеріңізде болса, Президент 2 сәуірде әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыру туралы жарлық шығарған болатын.