Желтоқсанның 1-і мен 4-і аралығында Астана қаласында «Тең мүмкіндіктер» республикалық инклюзиялық спорт фестивалі өтті. Аталған додаға Солтүстік Қазақстан облысы атынан 4 команда қатысып, үшеуі жүлдегерлерлер қатарынан көрінді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді «AMANAT» партиясының өкілдері құттықтады, деп хабарлайды Петропавловск.news.
Спорттық іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ге жуық бала қатысты. Олардың ішінде 66-сы ерекше қажеттілігі бар балалар. Олар 4 күн бойы жеңіл атлетика, эстафета және бочча ойынында өзара мықтыны анықтады. Солтүстік Қазақстан облысының намысын №4, №10 және Тоқшын мектеп-гимназиясы мен №1 Явленка орта мектебінің оқушылары қорғады.
Олардың арасында Аққайың ауданы Тоқшын мектеп-гимназиясының 4-ші сынып оқушылары жеңіл атлетикадан бірінші орынды алып, алтын медальға қол жеткізді. Жеңімпаздарды темір-жол вокзалынан «AMANAT» партиясының СҚОФ қызметкерлері, «Жастар рухы» ЖҚ белсенділері, «AMANAT» партиясының Аққайың аудандық филиалы өкілдері, ата-аналар қарсы алып, жеңістерімен шын жүректен құттықтап, сыйлықтар табыс етті.
Жарысқа қатысқан басқа да қатысушылар назардан тыс қалмады. Мәселен, №4 және №10 орта мектебінің оқушылары үшінші орыннан көрініп, қола медальды қанжығаларына байлады. Жүлдегерлер қатарынан көрінгендерді партия белсенділері мен депутаттар Елена Семидоцких пен Наталья Апретова салтанатты сап түзеу шарасында құттықтап, сыйлықтар табыстады.
«Солтүстік Қазақстан облысының жас спортшыларының «Тең мүмкіндіктер» фестиваліндегі жеңістері — бұл тек олардың табандылығы мен талантының арқасы ғана емес, сонымен қатар әр баланың потенциалын ашуда инклюзия мен қолдаудың қаншалықты маңызды екенінің мысалы», — деді Елена Семидоцких.
«Тең мүмкіндіктер» фестивалі «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының бастамасымен «Кедергісіз келешек» жобасы аясында Оқу-ағарту министрлігі, Қазақстанның бочча федерациясы, Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы, Спортты дамыту дирекциясы және Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырылды.