«Алақай! Аяқталды! Ал достар, сіздер ертеңнен бастап маған ұрыспайсыздар, соған қатты қуанып тұрмын! Бұл күнді сіздерге қарағанда мен көбірек күттім! Біз Четская көшесінің күрделі жөндеуін аяқтап қалдық. Мен өте қуаныштымын», — деп жазды Қожықов желіде.
Осыдан кейін қала әкімі жөндеу жұмыстары неге кешіктірілгенін түсіндірген.
«Біріншіден, өте ұзын жол – 4,5 шақырым, бұл бір жаз маусымы үшін өте көп. Әдетте біздің климатты ескеріп және мемлекеттік сараптаманың қорытындысы бойынша мұндай жобаны жүзеге асыруға 20 ай кетеді. Екіншіден, жолдың астынан бірінші тексеріс кезінде байқалмаған көптеген желіні таптық. Апат бола қалғанда жаңа жол жамылғысын бұзбас үшін оларды жолдың ар жағына көшіруге тура келді. Үшіншіден, жер үстіндегі екі жылу компенсаторын жер астына ауыстыру жұмысы да көп уақыт алды. Төртіншіден, біз жаңбыр суы жүйесін орнаттық. Бесіншіден, қиылыстарды қайта қалпына келтіріп, сыртқы жарықтандырудың жаңа желісін жүргіздік», — дейді шенеунік.
Қожықовтың айтуынша, келесі жылы тротуарларды абаттандыру жұмысы ғана қалады.
Әкімнің осы постына Мадияр есімді желі қолданушысы жөндеу жұмыстарын сынап пікір жазған.
«Бір жаз маусымы үшін 4.5 шақырым көп пе? 5 айда 5 шақырым жөндейсіздер ме? Күлкілі емес. Екі жылдан кейін дәл осы учаскеге тағы күрделі жөндеу керек деп жариялайды. Бірақ мұны келесі әкім істейді», — деген ол.
Қала тұрғынының бұл сыны Мейрам Қожықовқа ұнамаған болуы керек, мемлекеттік қызметкер этиканы ұмытып, ашуланып жауап берген.
«Мадияр, түсіну үшін айтайын, екі жылдан кейін бұл жол әлі кепілдікте болады. Сондықтан ақыл айтпай, машина ойыншықтармен ойнағаныңыз жөн болар», — деп кеңес берді әкім.