Сенатор Марат Қожаев істің мән-жайына тек сотта ғана баға берілетінін айтты.
«Менің ойымша, шудың бәсеңдегені дұрыс. Себебі оқиғаның барлық нюансын, мән-жайын білмей жатып, қорытынды жасау қиын. Өмір көп қырлы. Сот болады. Сотта оқиғаның мән-жайына толық құқықтық баға беріледі. Сол кезде шындықты білеміз», — дейді сенатор.
Ішкі істер министрінің бұрынғы орынбасары Марат Қожаев резонанс болмаса да істер әділ қаралады деген пікірде.
«Мен 30 жылдық тәжірибесі бар тергеушімін. Есімде осыған ұқсас жағдай көп болған. Қоғамдық пікірталассыз әділ, объективті, тиісті шешімдер мен үкім шыққан жағдайлар көп. Бізде жазасын өтеу орындарында көп қылмыскер отыр. Олардың ісі бойынша қоғамдық резонанс болмаған», — дейді ол.
Сенатор Марат Қожаев соттың ашық өтуіне қатысты пікір білдірді.
«Маған журналистердің логикасын бақылау қызық. Сіздер шу шығарсаңыздар… Иә, бұл істі тыңғылықты қарауға ынталандырады. Алайда сотта процестік айғақтар ғана бағаланады, шуға мән берілмейді. Дәлелдер негізінде айыпталушы заң аясында жауапқа тартылады. Сот жабық өтеді. Себебі, сотта кәмелетке толмаған адамның мүддесі қорғалады», — дейді Қожаев.
Еске салсақ, Қызылорда облысында 16 жастағы қыздың сыныптастары оны 8 ай құлдықта ұстап, жезөкшелікке салғаны Қазақстандағы резонансты оқиғалардың біріне айналған еді.