«Құрметті Ерлан Жақанұлы! Қадірлі әріптестер! Бүгін біз ең маңызды құжат – алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын қабылдаймыз. Бұл құжат – елдің әлеуметтік-экномикалық дамуын айқындайтын ең маңызды заң. Дегенмен, елдің бюджетін пысықтауда Үкімет тарапынан жыл сайын жіберілетін олқылықтар жетерлік. Соларға тоқталып өтсем.
Бірінші, біздің бюджет қаржысының басым бөлігі мұнайға, шикізатқа тәуелді. Әлі күнге дейін республикалық бюджеттің 40 пайызын қазба байлықты экспорттаудан түсетін кіріс құрайды. Осы тәуелділіктің салдарынан президент тапсырған экономиканы әртараптандыру жөніндегі прогрессивті бастама Үкімет тарапынан жеткілікті деңгейде жүзеге аспай отыр. Сондай-ақ, еліміздегі орта бизнестің экономикадағы үлесі небәрі 7 пайыз ғана. Бұл – тым аз көрсеткіш. Бір түйір табиғи байлығы болмаса да әлемде «Азиялық жолбарысқа» айналып отырған мемлекеттер цифрлық технология, көлік өндірісі, жоғары білім беру, медицина, спорт, мәдениет және туризм саласын әлемге жоғары бағаға экспорттап отыр. Яғни жоқтан бар жасап, оны қымбатқа сатуда. Ал біз дайын шикізаттан өнім шығара алмай әлек болып отырмыз
Сондай-ақ, бюджетте экономиканы дамыту бойынша көрсеткіштер көңіл көншітпейді. 2024 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша ел экономикасының өсімі 4 пайызды құрап отыр. Мәселен, қазір санкциялар астында өмір сүріп жатқан ЕврАзЭС-ке кіретін мемлекеттердің өзінде экономикалық өсім Қазақстанға қарағанда жоғары. Тіпті ол елдерде инфляцияның өзі төмен», — дейді «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі.
Мәжіліс депутаты сөзін жалғай отырып, әлеуметтік сала да көңіл көншітпейтінін тілге тиек етіп өтті.
«Екінші. Президентіміз айтқандай, біздің бюджет әрдайым әлеуметтік сипатқа ие болуы тиіс. Бұл – өзгермейтін аксиома. Өйткені зейнеткердің зейнетақысын, ананың бала күтімі үшін алатын жөргекпұлын, мүгедектің жәрдемақысын көтермесек, төмендетуге болмайды. Дегенмен, Үкімет мүгедектерді әлі қолдамай отыр. Олардың ең төменгі жалақыдан да төмен жәрдемақысын өсіруге құлқы жоқ. Мүгедектерге берілетін әлеуметтік жәрдемақының көлемі жыл сайын тек Үкіметтің 7 пайыздық инфляциялық индексациямен ғана өсіп отыр. Мысалы, мүгедектер үшін жыл сайын қосылатын сома бар-жоғы 5-6 мың теңгеден аспайды. Бұл – осында отырған Үкімет мүшелерінің бір күндік түскі асының құны.
Еліміздегі мүгедек жандар биыл орташа есеппен 74 660 теңге, яғни 153 АҚШ долларын алса, 2025 жылы 79 280 теңге, яғни 162 доллар алады екен. Келесі жылға мүгедектердің алатын жәрдемақысына бар-жоғы 9 доллар немесе 4400 теңге ғана қосылыпты. Ал елімізде дәрі-дәрмектің бағасы ұшып тұр. Азық-түлік бағасы да қымбаттамаса, арзандамайды. Осындай жағдайда, 79 мың теңгемен мүгедектігі бар адам қалай күн көрмек?!» — деп депутат проблеманы қозғап өтті.
Елнұр Бейсенбаев сөзін жалғай отырып, Ұлттық қордан ақша алу тоқтамай тұрғанын қозғап өтті.
«Үшінші. Президенттің қатаң ескертулеріне қарамастан, біз Ұлттық қордан ақша жұмсауды жалғастырамыз. 2025 жылы Ұлттық қордан алу жалпы алғанда 5,3 триллион теңгені құрады, бұл осы жылмен салыстырғанда бір жарым есе көп. Алаңдататыны, бұл көрсеткіш іс жүзінде республикалық бюджеттің 20 пайызын және нақты салық түсімдерінің үштен бірін құрайды. Бұл фактілер үкіметтің салық түсімдері мен дивидендтері бойынша кіріс бөлігінің әлсіз орындалуын көрсетеді», — дейді Парламент Мәжілісінің депутаты.
Айтуынша, Үкімет Самұрық-Қазына қоры кәсіпорындарының акцияларының жүз пайызына иелік еткеніне қарамастан, ел бюджетіне олардың таза табысынан дивидендтер түсімі небәрі 10 пайызды құрайды. Ал қалған пайданың тоқсан пайызын Қор дербес жұмсайды.
«Төртіншіден, мемлекеттік және үкіметтік қарыздарға қызмет көрсету шығындары триллионға ұлғайды, олар 6 триллион теңгеден асты. Біз қарыздарға қызмет көрсетудің сыни белгісінде тұрмыз. Бұл қаржылық мәртебе, әсіресе Ұлттық қор үшін, бірқатар өзекті мәселеге әкеп соғуы мүмкін. Ең қорқыныштысы, қарыз алу Парламентті айналып өту үшін квазимемлекеттік сектор арқылы, яғни мемлекет басшысының «Ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласына қайшы жүргізіледі.
Бесіншіден. Ведомстволық бағынысты ұйымдардың құрылымын және қаржыландырылуын талдау өзекті мәселе болып қала береді. Олар көптеген жағдайда министрліктердің қосарланған функционалдық міндеттерін орындайды және өздері басқаратын мемлекеттік қызметкерлердің жұмысын қажетсіз қайталайды. Мысалы, бюджеттен бір триллион теңгеден астам қаржы орталық мемлекеттік органдардың ведомстволық бағынысты ұйымдарына бөлінеді. Оның ішінде екі жүз миллиард теңге бойынша бізде жұмсау мәселелері бар.
Осы орайда мына сұрақ еріксіз туындайды: мұндай жағдай бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланудың тікелей дәлелі емес пе? Бір жұмысты екі түрлі құрылыммен орындау үшін мемлекеттік қазынадан төлеу, кем дегенде ақылға қонымсыз. Мысалы, өткен жылы Үкімет өзінің ведомстволық бағынысты ұйымынан 382 миллион теңгеге құрылыс кодексін әзірлеуге тапсырыс берді. Бұл, сайып келгенде, қолданыстағы заңдардың жиынтығы ғана болды. Сондай-ақ, Спорт министрлігінің допингке қарсы орталығына соңғы бес жылда 2 миллиард теңге бөлінді, оның халықаралық аккредиттелмегеніне қарамастан, бұл өткізілетін сынақтардың сенімділігіне күмән келтіреді және қазақстандық спорттың беделіне нұқсан келтіреді», — деп Елнұр Бейсенбаев қатаң түрде айыптады.
Сөзін жалғай отырып, алдағы үш жылға шамамен бір жарым миллиард теңге бөле отырып, орталыққа бюджет ақшасын құю жалғасатынын, ал бұл мысалдар осы саладағы жағдайды айқын көрсететінін тілге тиек етті.
«Алтыншы. Халықты несиелендіру жағдайы бақылаудан шықты. Жағдайдың одан әрі нашарлауы туралы болжамымыз расталды: соңғы бір жарым жылда қарыз алушылар саны 27 пайызға өсті. Бүгінгі таңда 8,4 миллион адамда немесе экономикалық белсенді халықтың 80 пайыздан астамында несие бар. Мерзімі өткен төлемдер сомасы 1,4 трлн теңгеден асты. Осы қарыз шұңқырына түсіп, «қара тізімге» енген адамдардың саны тағы 300 мыңға өсіп, 1,7 миллионға жетті. Бұл халықтың табысы төмендейтінін айқын көрсетеді. Осыған байланысты азаматтарды қолдау және қаржы нарығын сауықтыру бойынша шұғыл шаралар талап етіледі.
Тағы бір мәселе – шешімін таппайтын жұмыссыздық. Әрине, экономикамыз әртараптандырылмаса, негізгі табысымыз шикізатқа тәуелді болса, терең өңдеу өндірісі дамымаса, еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлік деңгейі 5 пайыздан аспаса, онда жұмыссыздық мәселесі ешқашан шешімін таппайды. Бүгіндегі Үкіметтің статистикасы бойынша 950 мың адам жұмысқа орналасып, 5 пайыз азамат қана жұмыссыз деген көрсеткішіне ешкім де сенбейді. Тәуелсіз сарапшылардың бағалауы бойынша, Қазақстандағы жұмыссыздықтың шынайы деңгейі 12 пайыздан кем емес. Бұл – кемі 1 миллион адам жұмыссыздар қатарында деген сөз.
Тағы бір өзекті мәселе – халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселесі әлі күнге шешімін таппай отыр. Тұрғын үй кезегінде тұрғандар саны өспесе, азаймауда. Соңғы төрт жылда олардың саны тағы 200 мыңға өсті. Бүгінгі күні үй кезегінде 649 мың адам тұр. Бюджет жобасындағы тым аз – 72 млрд теңге, шамамен 5 мың отбасына жетеді. Ал жыл сайын кезекке тұрушылардың саны – қосымша 50 мың адамға өсіп отыр.
Әріптестер, айтылған проблемаларды шешу Үкімет пен Парламенттің жүйелі ортақ жұмысының арқасында іске асатынын анық. Сондықтан жоғарыдағы сын-ескертпелерді бірге шешуіміз қажет», — деді «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Елнұр Бейсенбаев.
Депутат өз сөзінде «AMANAT» партиясының атқарып жатқан шаруаларына тоқталып шықты.
«Мәжілістегі ең ірі Фракцияның бюджетті пысықтаудағы ұсыныстары нақты әрі ауқымды болды. Оған дәлел біздің партияластардың өзі 2 триллионнан астам өзгертулер енгізіп, оның шамамен жарты триллионы қолдау тапты. Бұл бір.
Екінші. «Ауыл – ел бесігі» бойынша қосымша 30 миллиард теңгеге ұсыныстар енгізіліп, оның аясында 60 миллиардқа жуық жоба қаржымен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, су мәселесінде де «AMANAT» фракциясы президенттің шынайы қоғамдық тірегі екендігін айқын көрсетті. 30 миллиардқа жуық қосымша қаражат бөлдіртіп, ауылдарға бағытталған 100-ден астам жобаны бюджеттік заңмен бекітті. Бұл – президенттің 2026 жылға дейін елді 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету жобасын нақты орындау.
Үшінші. 2025 жылға арналған бюджет 25,8 триллион теңгені құрап отыр. Бұл былтырғымен салыстырғанда 1,7 триллион теңгеге артық.
Төртінші. Ең бастысы, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының Жол картасын жүзеге асыруға 2025 жылға арналған республикалық бюджетте 8,8 триллион теңге, яғни бюджеттің үштен бірін құрайтын қаражат қарастырылған. Бұл былтырғы бюджетпен салыстырғанда 3,3 триллионға көп қаражат.
Сондай-ақ, Президенттің пәрменімен елімізге заңсыз шығарылған активтер қайтарылып, қайтарылған қаражатқа әлеуметтік нысандар салынып, халық игілігіне берілуде.
Осыны ескере отырып, «AMANAT» Фракциясы бірге нақтыланған бюджет жобасын қолдайды және әріптестерімізді де қолдауға шақырады», — деп Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев сөзін аяқтады.