Журналист экс-министр Ерұлан Жамаубаевтан “Сіз де қаржы министрі болдыңыз ғой. Әріптесіңіз Мәди Тәкиев мемлекеттік қызметкерлерге сыйақы қысқаратынын айтты. Бірақ үлкен айлығы жоғары басшыларға, министрлерге бұл әсер етпейді, бірақ қатардағы мемлекеттік қызметкерлерге көп әсер ететінін айтылады. Сіз қалай ойлайсыз? Бұл қаншалықты әділетті?” деп сұраған.
Жамаубаев: менің өзім де қаржы министрлігінде жауапты хатшы болып жұмыс істегенмін. Қаржы министрі де болдым. Бұл жерде анықтап кететін мәселе бар. Бюджетте сыйақыға қаражат көзделген болса, яғни өзінің графасына, жоспарында болса, ол қаражатты ешкім алып кетпейді. Сыйақы түрінде беріледі.
Дегенмен мемлекеттік органдар сатып алу процесін жүргізеді ғой. Сол жерде ақша үнемделеді. Сол ақшаны Қаржы министрлігі сыйақы түрінде бермеу туралы шешім қабылдап отыр. Бірақ бұл әлі заңдастырылмаған нәрсе. Ол тек қазыналық шоттан бір-біріне ауыстырған кезде соған бөгет қоймақшы. Бірақ әрине, өзім де қаншама адам мемлекеттік қызметте жүргенін білем. Жәй қарапайым қызметкерлерге ауыр болады. Себебі менің өзім де одан өткенмін. Сондықтан, ол жерде бір дұрыс шешім қабылдау керек.
– Яғни, сіз қолдамайсыз ба?
– Үлкен сома емес, әрине. Қандай да бір қаражат қалып жатса, әрине, оны беруге болады. Ол ешқандай заңға қайшы емес. «Мен қарсымын» деп айта алмаймын, бірақ қазір істеліп жатқан әрекеттерді түсініп отырмын. Себебі мемлекеттің қаражатын үнемдеу үшін істеліп жатыр. Бұл жерде дұрыс шешім қабылдау керек. Жылдың аяғында уақыт бар. Сондықтан, әлі шешуге болады.
СЫЙАҚЫ МӘСЕЛЕСІ
Кеге қаржы министрі Мәди Тәкиев мәжіліс кулуарында қаржы министрлігіне қазынашылық атынан сыйақыларға шоттар ішінде қаражат аударуға тыйым салынғанын хабарлады.
– Егер мемлекеттік органдарда ақша үнемделсе, олар бұл ақшаны сыйақыларға аудара алмайды. Бұл қаражат бюджетке қайтарылады. Мен бұл туралы көптен бері айтқым келді, – деді ол.
Ол бұрын сыйақылар жіберілген 112 коды жабылғанын түсіндірді.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР
Бұған дейін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мұқсымов Қазақстанда 83 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер бар екенін айтқан болатын.
Қазақстандағы мемлекеттік қызметкерлердің жеке істері деректердің жаңа тізбесімен толықтырылмақ. Енді туған-туыстары мен тілді білу деңгейі туралы ақпарат қосылады.
2024 жылғы 19 шілдеде Қазақстанда мемлекеттік қызметтің жаңа қағидаттары енгізілді. Ол бойынша Қазақстандағы мемлекеттік қызметшілер икемді тәсілдер мен тәртіптік жауапкершіліктің негіздерін айқындайды.