«Баламның ісін әділетті шешіп беруіңізді, істі өз қарамағыңызға алып, осыны анықтап беруіңізді сұраймын. Баламды жазықсыз кінәлап отыр. Кінәсін дәлелдеп берсін. Департаментке де сол үшін келіп отырмын. Жауабын сол кісілерден күтемін», – дейді Хасан Қасымбаевтың анасы.
Ал әйелі Зүлфия Қасымбаева күйеуі Хасанның ешқандай қылмыстық ұйымға қатысы жоқ екенін айтып, көзіне жас алды.
«Оны танитын, білетін адамдарға барыңыздар. Оның қандай адам, кім екенін сұраңыздар. Орынсыз, жаман сөздер жазбас бұрын ол туралы біліп алыңыздар. Бұл туралы сеніммен айта аламын. Біздің шаңырақ көтеріп, бірге тұрып жатқанымызға 15 жыл болды. Үш баланы бірге тәрбиелеп отырмыз. Ал балаларымызға қаншалықты психологиялық қысым жасалып жатқанын білсеңіздер ғой. Олар қазір мектепке де бармайтын болды», – дейді ол.
Хасан Қасымбаевтың әйелі күйеуінің мал шаруашылығымен айналысатынын тілге тиек етті.
Айта кетейік, 16 жастағы Шерзат Полаттың қазасынан кейін әлеуметтік желіде Талғарда «Хуторские» ұйымдасқан қылмыстық тобы бар екені, оның лидері Хасан Қасымбаев екені туралы қауесет тарай бастады. Алайда Ішкі істер министрлігі Қасымбаевтың күдіктілермен байланысы анықталмағанын, «Хуторские» деген банда да жоқ екенін мәлімдеген.
Хасан Қасымбаевтың өзі де бейнеүндеу жариялап, өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған еді.
Ал бүгін Хасан Қасымбаевтың не себепті ұсталғаны белгілі болды.