Мемлекеттік бюджеттің тапшылығы тағы бірнеше мәселемен байланысты: мемлекеттік қарыз, әртүрлі қорлардың «екінші бюджет» ретінде пайда болуы, тиімсіз бюджетаралық қарым-қатынастар және бюджеттік тәртіптің әлсіздігі. Мемлекеттік қарыз және оны қоғам тарапынан бақылау мәселесі әлі де шешілмеген күйде қалып отыр. Бізге сыртқы және ішкі қарыздардың қатаң ашықтығын және бақылауын қамтамасыз ететін жүйе қажет. Қарыздың әрі қарай өсуі бізді бюджет дағдарысына әкелуі мүмкін. Кодекс жобасында біздің түзетулерге қарамастан, бұл мәселе жүйелі түрде шешілмей тұр, – деп жазды депутат өзінің телеграм-арнасында.
КВАЗИМЕМЛЕКЕТТІК ҚАРЫЗДАР
Депутаттың сөзінше, квазимемлекеттік құрылымдар көбінесе парламенттік және қоғамдық бақылаусыз ірі көлемде қарыз алады.
Бұл жағдай мемлекеттік органдарға осындай қарыздарды Парламентпен келісусіз жүзеге асыруға мүмкіндік беретін лазейкаға айналды. Жаңа Бюджет кодексі бұл лазейкаларды толық жаппайды және мұндай бақылаусыз қарыздарды шектемейді. Үкімет қарыздың қауіпсіз деңгейі туралы мәлімдемелермен тыныштандыруға тырысуда, бірақ бұл жағдай одан да үлкен алаңдаушылық тудырады, – дейді Асхат Аймағамбетов.
БЮДЖЕТТЕН ТЫС ҚОРЛАР
Ол «Екінші бюджет» ретінде жұмыс істейтін әртүрлі қорлар Парламенттің және тіпті Жоғарғы аудит палатасының жалпы қаржылық бақылауынан тыс қызмет ететінін айтады.
Қаржылық жоспарлаудың біртұтастығын қалпына келтіру үшін олар жалпы стратегияның бір бөлігі болып, Парламентке есеп беруге міндетті болуы керек. Бюджет бірыңғай болуы тиіс, ал бұл мәселеге қатысты біздің түзетулеріміз әлі де талқылау кезеңінде, – деді депутат.
ДИВИДЕНДТЕРДІ БЮДЖЕТКЕ АУДАРУ
Оның сөзінше «Самұрық-Қазынадан» бюджетке дивидендтер аудару мәселесі де әлі шешілген жоқ.
Дивидендтер бюджетке түсіп, қажет болған жағдайда Самұрық-Қазына компанияларының инфрақұрылымдық жобаларын қайта инвестициялауға бағытталуы тиіс. Ең бастысы, барлық қаражат бюджет арқылы өтуі керек. Қазіргі таңда, жүздеген миллиард, тіпті триллионға жуық қаражат бюджеттен тыс қалып отыр деуге болады. Бұл қаражаттың бір бөлігі үкіметтің тапсырмасы бойынша әлеуметтік-мәдени нысандарды салуға және басқа да әлеуметтік бағыттарға жұмсалады, алайда бұл қаражаттың жұмсалуы ашық емес, бюджеттің жалпы мақсаттарымен байланысты емес және қоғамдық әрі бюджеттік бақылаудан тыс өтеді. Бұл жерде де нақты шаралар қажет, – дейді ол.