Halyqstan арнасының дерегіне сенсек, қайғылы оқиға Гвардейский ауылында болған. Алдын ала мәліметтерде қыз сол күні пәтер жалдап, онда кеш ұйымдастырып, 9-сыныпта оқитын бес жасөспірімді қонаққа шақырған. Жасөспірімдер 15-16 жаста, Отар ауылындағы №41 мектептің оқушылары. Олардың айтуынша, кеш барысында қыз бірнеше рет өмірімен қош айтысқысы келетінін айтқан.
Түн ортасында ол құрбысына «Мен сені жақсы көремін. Егер маған бірнәрсе болса, бәріңді жақсы көретінімді біліп жүр» деп хабарлама жіберген. Бұл сөздердің нақты мағынасы әлі белгісіз. Таң ата көпқабатты үйдің жанынан көрші үйдің тұрғыны қыздың жансыз денесін тапқан. Алдын ала деректер бойынша ол биіктен секірген.
Қыз Ырғайты колледжінің түлегі болған және оқу кезінде тәртіптік есепте тұрған. Оның анасы ата-аналық міндеттерін орындамағаны үшін жауапқа тартылған. Әйелдің көз жұмған қызынан бөлек әйелдің тағы төрт баласы бар.
Қайғылы оқиға кезінде кештегі жасөспірімдердің қыздың жанында болғаны не болмағаны белгісіз. Олардың бұл оқиғаға қатысы бар-жоғы да анықталып жатыр. Қыз және жігіттердің барлығы Отар ауылында тұрған.
Қазір осы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабының 3-бөлігі (Өзін-өзі өлтіруге итермелеу) бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Еске салайық, бұған дейін Астанадағы үйлердің ауласынан 22 жастағы қыздың денесі табылғанын жаздық. Алдын ала мәлімет бойынша, марқұм тұрғын үйдің 24-ші қабатынан құлап кеткен. Полиция департаменті бүгін сағат 13:23-те Алматы аудандық полиция бөліміне подъездің жанында жас қыздың мәйіті жатқаны туралы ақпарат түскенін хабарлады.