Қазақстан екі халықаралық банктен қарыз алатын болды

2024-11-13 10:27:30

Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті «Қазақстан Республикасы мен Азия Даму Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді (Жай операциялар) (Фискалды басқару және қаржы секторы реформаларының бағдарламасы – 1-кіші бағдарлама) ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлейді.

Депутат Татьяна Савельеваның айтуынша, заң жобасы 2024 жылғы 23 қазанда Мәжіліске Үкіметтің қаулысымен енгізілген. Келісімге биыл 23 тамызда Астанада қол қойылды.

«Азия даму банкі Қазақстан Республикасына 52,3 млрд йен қарыз береді. Өтеу мерзімі – он бес жыл, жеңілдік мерзімі 2027 жылдың бірінші маусымына дейін. Қарыз республикалық бюджет тапшылығының жоспарлы кезеңге бекітілген мөлшері аясында ел экономикасының тұрақтылығын қолдау үшін тартылады», — деді ол Мәжілістің жалпы отырысында.

Сонымен қатар, Қазақстан Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен де қарыз алмақ. Осы заң жобасы бойынша да қаржы комитеті қорытынды әзірлейді. Келісім биыл тамыз айында бекітілген. Халықаралық қаржы ұйымы Қазақстанға 52,7 млрд йен қарыз береді. Бұл ақша да республикалық бюджет тапшылығының жоспарлы кезеңге бекітілген мөлшері аясында ел экономикасының тұрақтылығын қолдау үшін тартылады, деп атап өтті Савельева.