Аймағамбетов дәрі-дәрмек пен тауарлар қымбаттауы мүмкін екенін айтты

2024-11-14 10:27:47

ҚАЖЕТТІ ТҮЗЕТУЛЕРДІ ҰСЫНДЫҚ

Асхат Аймағамбетов депутаттар қазір салық кодексінің жобасын талқылап жатқанын айтады. Сөзінше, жобада азаматтар үшін қолайсыз бірқатар норма бар. Өмірлік маңызы бар тауарлар мен қызметтердің қымбаттауына әкелетіні туралы осы нормалар бойынша қызу пікірталас өтеді.

– Білім. Корпоративтік салықты енгізу жеке меншік университеттердің, мектептер мен балабақшалардың бағасының өсуіне әкелуі мүмкін. Кәсіпкер өз пайдасын қайтсе де сақтап қалуға тырысады, сондықтан жаңа салық енгізілсе, ол қызметтің құнын өсіру арқылы шешімін табуы әбден ықтимал. Дәрі-дәрмектер. Дәрі-дәрмектер мен олардың өндірісіне қажетті материалдарды ҚҚС (НДС) төлеуден босатылған тауарлар тізімінен алып тастау олардың қымбаттауына алып келеді. Бұл, әсіресе, тұрақты медициналық қолдауды қажет ететін азаматтарға ауыр тиеді. Зейнеткерлер мен мүгедектігі бар азаматтарға бұл қиындық тудыруы мүмкін, – дейді ол.

Аймағамбетовтің сөзінше, медициналық қызметтер де қымбаттауы екенін айтты. Медициналық қызметтерге ҚҚС енгізу олардың қымбаттауына алып келуі мүмкін.

– Бұл кодекс қарапайым халыққа қосымша қаржылық жүктеме әкелмеуі тиіс. Сондықтан қажетті түзетулерді ұсындық, – дейді ол.

САЛЫҚ КОДЕКСІ

Бұған дейін салық кодексін қабылдау мерзімі келесі жылға қалғаны хабарланған еді. Президенттің айтуынша, салықтық әкімшілендіру ісінде жазалау тәсілінен де бас тартқан абзал. Мәжбүрлеу шараларын қолданбай-ақ, хабарлама жіберу арқылы өндірілетін салық берешегінің жоғарғы шегін көтеруге болады. Ал салық берешегі осы шектен асып кетсе, қарыз сомасы аясында ғана шектеу қойылуға тиіс. Яғни, борышкердің банктегі есеп-шоты толық бұғатталмайды.