Көмек сұрағандардың арасында баспанасы мен көлігін сатып, ең соңғы тиын-тебеніне дейін салып жібергендер бар екен. Шағымданушылар алаяқтың жасаған жарнамасына сеніп қалғандарын айтады. Қазір Қаржылық мониторинг агенттігі бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Жиналған жұрт осыдан 5 жыл бұрын бар жиған-тергенін Sax Invest компаниясына құйған екен. Белгілі болғандай, ұйым халықты алмаз өндірісіне ақша салуға үгіттеген. Салған салымнан ай сайын 2 пайыз пайда табасыздар деп сендіріпті. Қолдарына кепілхат та беріп отырған екен. Кейіннен көпшілікпен байланысып отырған әлгі адам ел сыртына шығып кетіп, жұртшылықпен хат та алмаспаған, хабарын да бермеген.
«Біз ол кісіге бала-шағамызға деп жинап отырған бүкіл қаражатымызды салғанбыз. Артынша өзгерістер болып, бізге «ақшаны осындай уақытта қайтарамыз» деп міндеттеме қағазын берді. Сол қағаз біздің қолымызда бар. Содан кейін ол кісі хабарсыз кетті. Тек Анголада жүргенін әлеуметтік желіден ғана бақылаймыз. Соған сеніп осы уақытқа дейін отырдық. Бүгінгі күнде Сәтжаннан ешқандай хабар жоқ. Біздің ақшамызды қайтарсын! Алаяқтық жолмен алдап, ақшамызды қайтармай отыр», — дейді Ақтау қаласының тұрғыны Гүлшар Бергарина.
Жиналғандардың көбі әлгі кісінің шотына шамамен 10 мың АҚШ долларына дейін салған. Қазір аталмыш компанияға қатысты іс елордада тергеліп жатыр. Бірақ жиналған қауым оның Ақтауда қаралуын сұрайды. Алданған жұрт өңірдің Полиция департаментіне жазған арызымыз қанағаттандырылмай жатыр деп шағымын жеткізді.
«Бұл кісі бізге келіп, өз компаниясын жарнамалап, акцияға инвестиция салыңыздар деп алдады. Оның сөзіне сеніп, көлігімді сатып, 10 мың АҚШ долларын құйдым. Қаражатымызды қайтаратын кепілхатын да берді. Міне, бес жыл бойы табыс таппақ түгілі, өз ақшамызды ала алмай отырмыз. Қаржыны қайтар десек, «Анголада жұмыс істеп жатырмын» деп құрғақ уәдеге сендіріп келді. Енді құзырлы органдар арызымызды қанағаттандырып, істің Маңғыстау облысында «Алаяқтық» бабы бойынша тергелуін сұраймыз», — дейді Ақтау қаласының тұрғыны Алла Капулер.
Базынасын арқалаған жұртпен өңірдің прокурорлары жеке кездесіп, заңды тұрғыда түсінік жұмысын жүргіздік деп отыр.
«Астана қалалық экономикалық тергеу департаменті Қылмыстық кодекстің 217-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Осы іс бойынша аталған органмен күдікті тұлғалар ұсталды. Бұдан басқа тергеу әрекеттері тағы да жалғасуда. Сонымен қатар бүгін Маңғыстау облысы прокуратурасының басшылық құрамы салымшыларды жеке қабылдап, тиісті заңды түсіндірме берді», — деді Маңғыстау облыстық прокуратурасының басқарма басшысы Данияр Төлегенов.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, компания халықтан жалпы 9 миллиард теңгеге жуық қаражат жинаған. Сондай-ақ ведомство осыдан бір ай бұрын «Sax Invest» қаржы пирамидасын ұйымдастырушылардың бірі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеген еді.