Мәжілістің кулуарында журналистер министрден федерацияға қатысты қандай іс-шара қабылданғанын сұрады.
«Шетелдік азаматтарды шақырғанда ұлттық мүдде мен идеологиялық мәселелерді неге түсіндірмеске?!»- деп сұрады журналистер.
Министр футбол федерациясы осыған дейін де осындай олқылықтар жасағанын жеткізді.
«Біз сырт елден мамандар шақырған кезде мемлекеттік тілді білуін бірінші талап ретінде қоймаймыз. Ол жерде оның кәсіби еңбегі де маңызды. Ал болған жағдайда (Черчесовтың – авт) федерация тарапынан аудармашы болуы керек болған. Федерация тарапынан осыған дейін де ұқсас жағдайлар болғандықтан, мұндай жағдайды болдырмас үшін барлық әрекет жасалуы керек еді. Сондықтан федерацияларға бұйрық бердік. Мұндай жағдайда дұрыс түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек. Бұл федерацияның жіберген олқылығы. Олар қателігін мойындады, барлығын түсініп отыр», — деді Ербол Мырзабосынов Мәжілістің жалпы отырысының кулуарында.
Мырзабосыновтың айтуынша, федерация тілдің, діннің мәселелеріне қатысты жағдайларды болдырмауға және аудармашымен қамтамасыз ету бойынша жұмыс атқарады.
Еске салсақ, 14 қазанда Қазақстан-Словения ойнынан кейінгі баспасөз мәслихатында ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесов журналистің қазақ тілінде қойған сұрағына «Сен француз тілінде сөйлеп тұрсың ба?» деп жауап берген. Бұл жауап қоғамда үлкен резонанс тудырып, қазақ тіліне деген құрметтің жоқ екені ретінде қабылданды. Кейін Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов Черчесовпен әңгімелесіп, оған айыппұл салынғанын айтты.