Қостанайдың экс-әкімінен тәркіленген мейрамхана 100 млн теңгеге арзандатса да өтпей қалды

2024-11-13 16:27:52

Мейрамхана өткен айда электронды сауда алаңына шығарылған. 8 жылдың ішінде бірнеше рет аукционға шығарылған мейрамхана әу баста 420 млн теңгеге сатылған еді. Жылдар өте келе нысан әбден тозып, құны бастапқы құны 307 млн теңгеге дейін түскен. Соған қарамастан, 13 қарашада сағат 10.00-де өткізілген аукцион кезінде оны сатып алуға ешкім өтінім қалдырмады.

Қазір нысан Қостанай облысы әкімдігі кәсіпкерлік басқармасының балансында. Электронды сауда алаңының ақпаратына сәйкес, мейрамхананың бастапқы бағасы 307,3 млн теңге, бағалау құны 614, 7 млн теңге деп көрсетілген. Былтыр бұл нысанның бастапқы бағасы 800 млн теңге болып көрсетілген еді.

 

Нысан 2014 жылы бой көтерген. Жалпы аумағы 1558 шаршы метр. Өзі Екатеринбург – Алматы тас жолының бойында орналасқан.

БҰРЫН ДА САУДАҒА ШЫҒАРЫЛҒАН

Бұрын мейрамхана ғимаратын аукцион арқылы әкімдік бірнеше рет сатуға тырысқан, бірақ оны алуға ешкім қызыға қойған жоқ.

Айта кетерлігі, бұл – бұрынғы шенеуніктен тәркіленіп, қоғамдық саудаға шығарылған алғашқы нысан емес. Бұған дейін тәркіленген «Метрополь» мейрамханасы мемлекет меншігіне берілген болатын. Қазір бұл ғимаратта «Азаматтарға арналған үкімет» орналасқан. Ахметжановтың тағы бір меншігі – 87,5 млн теңгеге бағаланған «Монолит» сауда үйі 40,5 млн теңгеге сатылып кеткен.

СОТТАЛҒАН ӘКІМ

Ахметжанов 2015 жылы екі орынбасары және бірнеше кәсіпкермен бірге ұсталған еді. Сол тұста атышулы іс «Үлкен әкімдік ісі» деген атпен тарихта қалды. Қостанайдың бұрынғы әкімі пара алды деген күдікке ілініп, 2016 жылы сотталған.

2016 жылдың сәуір айында Қостанайдың бұрынғы әкімі Ахметбек Ахметжанов мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылып, 13 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Бірақ апелляциядан кейін оған шыққан үкім 7 жыл 6 айға дейін қысқарды.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты Ахметжанов рақымшылыққа ілініп, берілген жаза 4 жыл 10 ай 23 күнге дейін төмендеді. 2019 жылы ол шартты түрде мерзімінен бұрын босап, жазаның өтелмеген бөлігін айыппұл төлеп жапты. Сол жылдың 1 сәуірінде Қостанай облыстық соты оны шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы шешім қабылдады.