Оның айтуынша, министрлік Париж Олимпиадасындағы сәтсіздіктен кейін талдау жасаған.
«Өкінішке қарай, бұл спорт түрінен соңғы екі Олимпиадада алтын медаль жоқ. Біз толық талдау жасап, неліктен мұндай жағдай болды, не себепті алтын медальсыз қалдық деген сұрақтардың жауабын іздедік. Біріншіден, арнайы топ құрылып, әр өңірге мониторинг жасап жатыр. Лос-Анджелеске барады деген спортшыларды саралау барысында жиырма өңірдің сегізінде ғана бокс дамып жатқанын байқадық. Қалған он екі өңірде бірде-бір жас ерекшелігінде Қазақстан чемпионаттарында бокстан жүлдегер жоқ. Сондықтан бүгінгі күні спорттың алдыңғы қатары деп айту өте қиын. Біз шынымен бокстан нәтиже көрсеткіміз келсе, мемлекет басшысы айтқан бірізділік мәселесін көтеріп, өңірлердегі балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің басшыларын, олимпиадалық резерв басшыларын, жоғарғы спорт мектептерінің басшыларын арнайы критерийлермен тағайындауымыз керек. Қазір біраз өңірде басшыларды тексерген кезде критерийлерге сай емес адамдар тағайындалғанын көруге болады. Сондықтан бірізділік болуы керек», — дейді Мырзабосынов Мәжіліс кулуарында журналистердің сұрағына жауап беріп.
Министр басым спорт түрлері анықталып жатқанын атап өтті. Әр өңірдің географиялық орналасуына, тарихына және инфрақұрылымына байланысты спорт түрлері бектіліп, спорт мектептерінің басшылығына кәсіби мамандар ұсынылады.
«Қазіргі уақытта көптеген спорт түрі дамып жатыр ғой. Бір өңірде әкімдік өзіне ұнайтын спорт түрлерін дамытады. Басқа өңірлерде де солай болуы мүмкін, айналып келгенде біз халық болып Олимпиададан нәтиже күтеміз. Ал бізде ол спорт түрлері дамымаған, сонда біз министрліктегі спортшыларды жинап алып, бара алмаймыз ғой. Сондықтан спортшыларды өңірлерде дайындап, саралау керек. Жазғы олимпиадалық он бес спорт түрі бар, қысқы олимпиадалық спорт түрлері бар, соларды дамыту керек. Сіздер білесіздер, солтүстік өңірлерде көбіне қысқы спорт түрлері (авт — жақсы дамиды). Осыдан кейін ғана біз сапалы спортшыларды әлемдік аренаға апарамыз», — деп түсіндірді ведомство басшысы.