Зерттеу кезінде Қонаев қаласындағы дүкендердің бірінен айран сатып алынған. Үлгі Алматы қаласындағы Ұлттық сараптама орталығы филиалының аккредиттелген зертханасында тексерілді. Талдау нәтижесінде өнімнің Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарына сай келмейтіні анықталған.
«Айранда каприл қышқылының мөлшері нормадан жоғары екені анықталды. Бұл өндіріс технологиясының бұзылуы немесе өнімнің дұрыс сақталмауы салдарынан болуы мүмкін. Яғни, адам денсаулығына зиян. Өнімнің сапасын тиісті техникалық регламенттер анықтайды. Норма бұзылған жағдайда тауар сөрелерден алынып, өндірушіге қомақты айыппұл салынады. Жеке кәсіпкер 850 мың, серіктестіктер миллион 300 мың теңгеге жазаланады», — деді «Маңғыстау облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы» төрағасы Жанна Биятан.
Сонымен қатар өнімде каприн қышқылының мөлшері төмен болды. Яғни өнімнің майлылығы бұзылған. Бұл оның жасанды немесе сұйытылғанының белгісі. Жалпы республика бойынша 9 ай ішінде зерттеу үшін 1423 өнім сатып алынған.
«Жалпы санынан 978 түрлі бұзушылықтар анықталды. Оның ішінде таңбалау бөлімінде 814 бұзушылық, сонымен қатар санитариялық бұзушылықтар ол 164 өнім түрі бұзушылықтар анықталды. Ол бұзушылықтардың ішінде мемлекеттік тілде тауардың ақпаратының жоқтығы, жарамдылық мерзімі көрсетілмеген, дайындаушы және оның орналасқан жері туралы ақпарат жоқ. Өнімнің құрамы көрсетілмеген», — деді тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы Мейіржан Аманжолов.
Осындай ережеге бағынбаған 224 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар 43 түрлі өнімнің сәйкестік декларациялары жойылып, тоқтатылды. Яғни оларды еліміздің аумағында сатуға тыйым салынды.