Алянұр мен Велимир Алматы қаласында танысқан. Арудың айтуынша екеуі бір компанияда жұмыс істегендіктен басында тек әріптестік, достық қатынаста болған. Тіпті черногорлық жігіт сезімін білдіреді деп ойламаған екен.
“Велимир 27 жаста. Ол Черногориядағы Бар қаласында туып-өскен. Қазақстандағы Алматы энергетика және байланыс университетінен білім алған. Біз 2 жылдай таныс болып жүрдік. Кейін алғаш сезімін білдірген кезде таңғалғаным рас. Себебі тек достық қарым-қатынас болғандықтан мені ұнатады деп ойламаппын.
Сезімін білдіргеннен кейін оған қарым-қатынас орнатудың мен үшін өте жауапты әрі маңызды қадам екенін ашық айттым. Өміріме деген алдағы жоспарларыммен бөлісіп, жай ойнап-күліп уақыт өткізетін адам емес екенімді түсіндірдім. Әрине, қатты толқыдым. Себебі бұл мен үшін өмірімнің жаңа сатысы болды. Одан бөлек, Велимир басқа елдің азаматы болғандықтан оның отбасы да жырақта тұрады. Жыл сайын мамыр айынан күзге дейін ол өз отбасына Черногорияға кететін. Оның осылай ұзақ уақытқа кетуі қарым-қатынасымызға әсер ете ме деп алаңдадым. Сол себептен бәрін өзіне ашық айтып, талқылап алдық.”, – деді ол.
Фото: Алянұр Құрғанбекованың (Масоничич) жеке архиві
“Ата-анам қарсы болмады: Велимир жартылай қазақ”
Алянұр отбасына таңдауының ұнайтынына сенімді болған. Сол себепті кездесіп жүргеніне екі апта өткен соң болашақ жарын ата-анасымен таныстырған.
“Мен үшін ата-анамның пікірі әрқашан маңызды. Сол себептен Велимирмен көңіл жарастырар кезде бірінші олардың білгенін қаладым. Біз бірге жаңа жылды тойладық. Ата-анам оны жақсы қабылдады. Танысқаннан соң алғашқы сәттен бастап, ол біздің салт-дәстүріміз туралы өзінің қызығушылықтары туралы айтып, отбасымның ерекше ықыласына бөленді. Ата-анама да оның қазақы дәстүрге қызығатыны мен білімділігі ұнады”, – деп қосты ол.
Ару Велимирдің отбасымен де таныстығын еске алды.
“Күйеуімнің отбасы да мені жақсы қарсы алды. Бәрі әуежайдан күтіп алып, сол күні жақын туысқандарымен де таныстым. Әрине тіл жағынан сәл кедергілер болды. Дегенмен, олардың бауырмалдығы мен ашықтығы маған жайлылық сезімін сыйлады. Оның үстіне күйеуімнің ата-анасы орыс тілін біледі. Мен олармен еркін сөйлесе аламын. Күйеуімнің анасы қазақ болғандықтан онымен оңай араласып кеттік. Ол да Алматы қаласынан”, – деді ол.
Фото: Алянұр Құрғанбекованың (Масоничич) жеке архиві
“Черногорияда қалың мал, құдалық пен үлкен той жоқ”
Алиянұр Черногорияда некелесудің бізден басқаша екенін де қоса кетті. Айтуынша мұнда қалың мал мен шашылып көп адам шақырып, үлкен той жасалмайды.
“Біз отау құрғымыз келетінін хабарлағаннан кейін бірінші атастыру рәсімі өтті. Мұнда тойға келетіндер саны бізге қарағанда азырақ. Біздің атастыруымызға 30-40 адамдай келді. Бұл тек күйеуімнің туыстары. Өкінішке орай менің отбасым бұл рәсімге келе алмады. Себебі бәрі аяқ астынан жылдам болды. Мамыр айында ол маған сөз салды, сол айда атастыру рәсімін жасадық. Бұл да салтанатты түрде 30-40 адамға арналған кішігірім той болды. Ал кейін шілде айында біз некемізге қол қойып тіркедік.
Мұнда біздегідей құдалық, қалың мал, дүркіретіп үлкен той жасау деген жоқ. Әрине бұл жақта да тойлағанды жақсы көреді. Алайда олар қыз жақ пен ұл жақтағы кішігірім тоймен шектеледі. Алайда біздегідей екі жақтың бір-біріне сыйлық, ақша беруі жоқ. Сыйлықты тек куәгерлер мен неке қиған екі жасқа береді”, – деді ол.
Алиянұрдың айтуынша Черногорияда да біздегідей қыз ұзату дәстүрі бар. Алайда бізде жоқ қызықты рәсімдері де жоқ емес екен.
“Қызықты салттарының бірі Черногорияда қалыңдық күйеу жігіттің үйіне кірер алдында міндетті түрде кішкентай ұл нәрестені көтеріп кіреді. Бұл некеде алда “сол отбасыға ұл сыйласын” деген ырымды білдіреді. Тағы бір қызық жайт неке қиярда куәгерлердің болуы міндетті. Олардың қолы тіпті неке куәлігінде заңдастырылып тұрады. Бұл некенің екі жақтың келісімімен еш қысымсыз болып жатқанын көрсетеді. Ал бізде куәгерлер тек неке қию рәсімін қолдап келеді ғой құжатта заңды түрде еш қатысы болмайды”, – деп қосты қазақстандық.
Алматылық ару мұнда да келіндік өмірінде қонақ күтуде айырмашылықтар бар екенін тілге тиек етті. Мәселен мұнда қонақтарға біздегідей шәй емес, кофе ұсынылады екен.
“Қонақ қабылдаулары да басында маған қызық көрінді. Себебі әр келген қонаққа бөлек кофе қайнатып ұсыну керек. Алдымен үлкендерге, орта жастағыларға кейін әйелдерге бөлек-бөлек қайнатылады. Барша қонақтардың кімнің қандай кофе ішетінін шатастырмай жаттап алуың қажет. Маған осыны үйренуге тура келді. Бізде тек бір шәйнек қайнатып шәй беріп үйреніп қалғанбыз ғой. Одан бөлек, мұнда қонақтарға шұжық өнімдері, ірімшік сияқты тұзды тағамдар ұсынылады. ”, – деді ол.
Фото: Алянұр Құрғанбекованың (Масоничич) жеке архиві
“Күйеуімнің діні провослав: Бұл маған ыңғайсыздық тудырмайды”
Алиянұр күйеуі Велимирмен Черногорияға 2024 жылдың мамыр айында көшкен. Басында Қазақстаннан кету туралы әңгіме болмаған екен. Себебі жұбайы екеуі осында қалып, дамуды жоспарлаған.
“Бұл шешім аяқ асты пайда болды. Ата-анам мұны естігенде қатты таңғалды. Әрине, мен үшін алаңдады. Өзге елде жалғыз сезіне ме деп уайымдады. Бәрібір бір қалада жақынырақ тұрғаныңды қалайды ғой. Дегенмен Черногория бізге алыс емес, кезек-кезек бір-бірімізге келіп тұрамыз деп келістік. Себебі бәрібір менің Қазақстанмен, отбасыммен байланысым ерекше. Сондықтан бір жыл бойы ата-анамды көрмей жүре алмаймын. Черногорияға келгенімізге 6 ай болды. Осы аралықта ата-анама Алматыға ұшып барып келіп үлгердім”, – деді ол.
Қазақстандық ару бұл елге барғанда өзін жатсынбағанын айтады. Менталитет пен мәдениеттері бізге ұқсайтындықтан жалғыз кедергі тіл болыпты.
“Әлі черногорлықтардың тілін толық үйренбедім. Сол себепті жергілікті тұрғындарды түсінбей қалатын кездерім болады. Черногорлықтар өте бауырмал, ашық, қонақжай адамдар. Мұнда өмір бізге қарағанда тыныштық пен жайлылыққа толы. Теңіз жағасындағы кішігірім қалалардың табиғаты демалыс орындарындай әсер қалдырады. Мұнда адамдар ешқайда асықпай, жаймен әр сәттен ләззат алып өмір сүреді. Бізде Қазақстанда әсіресе Алматы, Астана секілді үлкен қалаларда өмір қозғалыс, дүрбелеңге толы. Егер Черногориядан үйрену керек нәре болса, осы асықпай осы сәтпен өмір сүруді айтар едім. Себебі біз Қазақстанда тым асығыспыз”, – деп қосты ол.
Алиянұр мұнда халықтың 70 пайызы провослав дінін ұстанатынын жеткізді. Ал қалған 14 пайызы мұсылман, 4 пайызы католик дінін ұстанады екен.
“Күйеуімнің отбасында да мұсылман дінін ұстанатындар бар. Күйеуімнің өзі провослав дінін ұстанады. Алайда маған бұл еш ыңғайсыздық тудырмайды. Себебі күйеуімнің анасы да қазақ болғандықтан ол мұсылман. Бізде дін тұрғысынан қандай да бір келіспеушіліктер жоқ. Әркім өзінің мәдениетіне орай дінін ұстанады. Біз бір-бірімізді бұл тұрғыда қолдаймыз”, – деді ол.
Алиянұрдың айтуынша, бүгінде Черногория цифрландыру жағынан сәл артта қалған. Бұл жақта бір құжатты алу үшін барып, кезекке тұрып, күтуге тура. Оның үстіне онлайн тапсырыс қызметтері де жоқ екен.
“Таңмен тұру, шәй қою, сәлем салу деген жоқ: Келінге еркіндік көп”
Алматылық ару Черногорияда келіндерге үлкен сыйластықпен қарайтынын алға тартты. Әсіресе олардың салт-дәстүрлерін сыйлайтындар мен отбасылық жылы ортаны ұстап тұра алатындарды қатты құрметтейді екен.
“Мұнда қамқорлық пен күйеуіңнің отбасына түсіністікпен қарау өте маңызды. Себебі отбасылық байланыс пен құндылықтар қатты бағаланады. Одан бөлек, біз күйеуіміз екеуміздің арамызда бір-біріміздің мәдениетімізге деген құрмет бар.
Қазақстанда келінге дәстүрді сақтау, отбасындағы жауапкершілік сияқты жүк артылса, мұнда келіндерде еркіндік көп. Түрлі әдеп-ғұрыптарды қатаң сақтау талап етілмейді. Қазақстанда келін мен оның түскен отбасындағы қарым-қатынас көбіне сыйластық пен талаптарды сақтаумен көрініс табады. Ал мұнда келін мен ата-ене қарым-қатынасы достық бағытында құрылады және қатал емес. Мұнда таңмен тұру, шәй қою, сәлем салу деген жоқ. Мәселен күйеуімнің анасы бәрінен бұрын оянып бәрімізге кофе дайындау мүмкін”, – деп қосты ол.
“Күйеуім мен үшін акушерлік, гинекологиялық курстан өтті”
Алиянұр желіде жұбайының гинеколог екенін жазып, алғаш таныстықтары оның қабылдауынан кейін басталғанын баяндаған еді. Жұртшылық мұны желіде қызу талқылап, таласа пікір қалдырды.
“Күйеуім гиниколог емес! Ол жүкті екенім белгілі болғаннан кейін ғана акушерлік, гинекологиялық курстан өтті. Боснар кезде жанымда болып, барынша көмектесу үшін курсқа барды. Ол медициналық білім алмаған, тек маған жүктілігім кезінде қолдау жасау үшін курс оқыды. Күйеуімнің мамандығы инжинер”, – деп түсіндірді ол.
“Өз отаныңды сатып кеттің, енді елге оралма дейді”
Алиянұр осы тұста ұлтаралық некесін отбасы жақындары емес,желідегі танымайтын адамдардың сынға алатынын алға тартты.
“Өзімнің обасым ұлтаралық некеге қарсы болмады, сөкпеді де. Себебі олар Велимирді жартылай қазақ ретінде жақын қабылдады. Ол жасөспірім кезінен Қазақстанда өскен. Менталитет жағынан да бізден еш айырмашылығы жоқ. Ол біздің мәдениет пен салт-дәстүрді жақсы білгендіктен ата-анама өзге ұлт ретінде жат көрінбеді. Кері көзқараспен мен көбіне желіде тап болдым. Біздің ұлтаралық некеміз туралы сала бастаған кезде түрлі пікірлер мен сынның астына қалдық. Тіпті мені “өз отаныңды сатып кеттің, енді елге оралма” дегендер де болды. Бұл менің есімде қалған ең жаман пікір шығар. Жаныңды жаралайды екен.
Күйеуім жартылай қазақ болғандықтан Қазақстанды жақсы көреді. Ол ұрпақтарының екі елден Қазақстан мен Черногориядан болатынын үнемі айтып жүреді. Әрине ата-анам Алматыда болғандықтан сағынған кезімде мен Қазақстанға көшкім келеді. Дегенмен күйеуім әлемді аралап, көптеген елдерде болып, сол елдердің арасынан ең ыңғайлысына көшуді дұрыс деп санайды”, – деп қорытты ол.