Таяуда Қарасай ауданында орналасқан «Khama park» мейрамханасында, арнайы кәсіби орта білім беретін оқу орындарының білімгерлері арасында, «Ұлттық тағамдарды жаңғырту – 2019» атты республикалық аспазшылар байқауы өтті.
Шараны Алматы қалалық білім басқармасы, туризм және қонақжайлылық индустриясы колледжі мен аталмыш мейрамхана әкімшілігі ұйымдастырды. Байқау барысында Нұр-Сұлтан, Алматы және Талғар қалаларынан арнайы келген аспаздар өнерлерін ортаға салып, бүгінде ұмыт болып бара жатқан ас түрлерін даярлап, олар жайлы мағлұмат берді. Аталмыш байқаудың мақсаты – қазақтың ұлттық асханасына, мәдениетіне, салт-дәстүріне қызығушылықты ояту, қазақтың ұлттық салт-дәстүрімен ұштасып жатқан тағам түрлерін насихаттау, дәріптеу, таныту, ұлттық асхананың алуандылығын көрсету, дейді ұйымдастырушылар.
Үміткерлердің еңбегіне «Khama park»мейрамхана кешенінің директоры Серікхан Әділханов бастаған бір топ мамандардан құрылған қазылар алқасы баға берді. «Шай дастарханы» деп аталатын бірінші кезеңде болашақ аспазшылар өздерінің стилінде шайға арнап тәтті тағамдар дайындады. Екінші айналымда алты порциядан тұратын ыстық тамақтар мен тіскебасарлар жасады.
Нәтижесінде, бас жүлде – Гран-приді астаналық қоғамдық тамақтану мен сервистік қызмет көрсету колледжінің студенттері қанжығаларына байлады.
Ал, бірінші орынды Талғар қаласының политехникалық колледжі, екінші орынды туризм және қонақжайлылық индустриясы колледжі, үшінші орынды Алматы қаржы-құқықтық және технологиялық колледжі қанағат тұтты.
Барлық жүлдегерлер Серікхан Сәметұлының атынан Алғыс хат, мадақтамалармен және медальдармен марапатталып, бағалы сыйлықтарға да ие болды.