Ауданымыздағы Бірінші Май ауылдық округінде ауызсу мәселесі ондаған жылдан бері өзектілігін жоймай келеді. 7 мыңнан астам халқы бар, үш елді мекеннен тұратын округ тұрғындары тіршілік нәрінің тапшылығына байланысты редакциямызға жиі хабарласады. Соңғы кездері әлеуметтік желіде тараған мына бейнежазбаларда ауылға келетін ауызсу санитарлық жағдайы мәз емес екені айтылған.
Қазіргі кезде округке су көршілес Жамбыл ауданындағы Қарғалы өзенінен келеді. Ауыл әкімінің айтуынша, 2015 жылы бастаудан тартылған диаметрі 100-дік құбырлар бүгінде округ халқын толығымен сумен қамтуға қауқарсыз. Себебі, тұрғындар саны жыл санап өсіп келеді. Мәселені шешу үшін қосымша құбыр орнату керек. Осы мәселеге қатысты жұмыстар атқарылуда.
Бүгінгі таңда елді мекендердегі осы ауызсу мәселесін шешу үшін республикалық бюджеттен Бекболат ауылына 326 млн-ға, Қайнар ауылында 267 млн- ға сұраныс берілген.
Жаз туса тіршілік нәрінен тапшылық көруге мұндағы тұрғындардың да бойы үйренгендей. Есік алдын бос бөтелкелер мен ыдыстарға, флягтарға толтырады. Дегенмен, суға деген төлемдерін ай сайын жасап отырған жұртшылық, кейде емін-еркін жуынбақ түгілі, бір жұтым суға зар болып қалатындықтарына қапалы. Шеткері аймақтағылар тіптен, суды арнайы көліктерден күн ара сатып алуға, сосын оны барынша үнемдеп жаратуға мәжбүр. Сонымен қатар, ауыз суды кестеге сәйкес тұтынып отырған бекболаттықтар бірде бар бірде жоқ судың таза еместігін де алға тартып, денсаулығымызға қандай қауіп төніп жатқандығын да білмейміз деп алаңдаулы.
Ал, Амангелді көшесіне тіршілік нәрі айдан астам уақыт келмеген. Көше бойы бір ғана құдықтан ағатын су сыздықтай бастағаннан ұзын-сонар кезек түзіледі. Күнге-түнге қарамай бос ыдыстарын толтырған мұндағы халықтың да су сапасына көңілі толмайды.
Су тапшылығы тұрғындардың жанына әбден батқан. Жергілікті биліктен көңілі қалған халық өз бетінше әрекетке көшкен. Ауыл белсендісі Әлима Өміртай осы проблеманы заң аясында шешуге білек сыбана кірісіпті. Ол Президент әкімшілігінен бастап барлық құзырлы органдарға ресми хат жолдады. Хат мазмұнында мәселені шешуді өтініп қана қоймай, бұрындары округті сумен қамтуға бөлінген қаражаттың қайда кеткенін жан-жақты тексеруді талап еткен. Жақында ғана оған президент әкімшілігінен келген хабарламада осыған қатысты тапсырма облыстық әкімдікке бағытталғаны айтылған.
Расымен де, жылдар бойы жалғасқан әрі айта айта жауыр болған бұл мәселеге мемлекеттен бір тиын да бөлінбеуі мүмкін емес. Бірақ, ол қайда және қалай жұмсалған? Неге еш нәтиже жоқ. Санадағы осындай сан сауалмен аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Әшімбайдан сұхбат алуға келіскен едік. Бірақ, атқамінер сол күні аяқ асты ойынан айнып шыға келді. Ал, қарамағындағы бөлім мамандары мардымды жауап бермеді.
Негізі, аталған округтің аумағындағы үйлерге тәулігіне 24 сағат тоқтаусыз су берілуіне «Таусамалы» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны жауапты. Мекеменің бұл қызметті көрсете бастағанына 3 жылға жуықтаған. Басшысы Бауыржан Айнабековтан мәселенің түп төркіні неде екенін сұрап, су проблемасы қашан түбегейлі шешесіз деген сауалды төтесінен қойдық. Неше жылдан бері осы саланың қазанында қайнап жүрген маман қолға алынған көп істі тізбектей жөнелді. Айтуынша, ол көршілес Жамбыл ауданынан бөлінетін судың басын да бүгінде мекеме қарауына өткізіп алған. Санитарлық нормаларды да ескеріп, онда күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген. Ендігі мақсат – суды халыққа үздіксіз жеткізу. Ең алдымен көне құбырды диаметрі үлкеніне және жаңасына алмастыру керек. Әрине, осының барлығының артында қыруар қаражаттың тұрғаны анық. Дегенмен, кәсіпкер мәселенің шешімін жан-жақты зерттеп, бюджетке алақан жайып отыра бермейтін оңтайлы әдістерді де ойластырыпты.
Қысқа қайырғанда, Бірінші май округінің су мәселесіне түбегейлі нүкте қоятын арнайы құжат әзірлеп қойған. Кәсіпкердің айтуынша, құбырларды ауыстыруды мекеме өз қаражатына жасай беруді ұсынатын бұл шарттың дайын болғанына бір жылға жуықтаған. Өкініштісі, сол уақыттан бері қандайда бір себептермен облыс әкімінің қолы қойылмай тұр.
Естеріңізге сала кетсек, өткен жексенбіде аталған округке қарасты Қайнар ауылында төтенше жағдай орын алған еді.
Алапат өрт тұрғындарды әбігерге салған. Себебі, тірнектеп жиған тиын тебендеріне тұрғызған баспаналарынан айырылып қаламыз деп қорыққан.
Бір апаттан аман қалған қайнарлықтар бүгінде қалыпты тіршілігіне көшкен. Өрт Жамбыл ауданының төтенше жағдайлар бөліміне тіркелген. Оған 14 өрт сөндіруші, 30 әскери және әкімдік қызметкерлері жұмылдырылған. Қазір жағдай тұрақты. Дегенмен, округ әкімі Елдос Мұқатаев сол күннен бері мұнда төбе көрсетіп, халықтың жағдайын бір біліп қайтуға уақыт таппаған.
Таяуда Бірінші Май ауылдық округінің тұрғындары бізге тағы хабарласты. Олар облыстық әкімдіктің тапсырмасымен сэс мамандары арнайы келіп, сараптамаға су үлгілерін келіп алып кетті деген жағымды жаңалықты жеткізді. Әрине, бұл кішкентай жетістіктің өзі ауыл белсенділерінің президент әкімшілігіне жолдаған хатының нәтижесі екені анық. Лайым осы орнынан қозғалған сең тоқтап қалмай, халық таза, тұрақты сумен қамтамасыз етіледі деп сенеміз.
Клара Көпбаева, Нұргүл Әлменбетова.