Полицейлермен жүздесіп, кеңес алу жеңілдеді / 16?

2019-10-19 10:12:33

Қарасайлық полицейлер 18 - 19 қазан күндері кезекті рет  «Жолда қабылдау» және «Аулада қабылдау» акцияларын өткізуде, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.
Жалпы, биыл полицейлер «Жолда қабылдау» акциясының алты кезеңін ұйымдастырып, өткізді. Оның барысында әкімшілік, жергілікті және көші-қон қызметтерінің, сондай-ақ полиция басқармалары мен бөлімдерінің басшылары облыстың барлық қалалары мен аудандарында азаматтарды жеке қабылдауды жүргізді.
Одан өзге, қосымша «Аулада қабылдау» және сенім телефондары, әлеуметтік желі арқылы азаматтардың өтініштерін қарау жұмысы ұйымдастырылды. Тұрғындар өткізіліп жатқан іс-шаралардың оң нәтижесін атап өтті, себебі олардың полицияның бірінші басшыларымен және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен кездесу мүмкіндігі туды.
Алда да аудандағы арнайы қабылдау бөлмелері сағат 9.00-ден 19.00-ге дейін жаңа форматта жұмыс істейтін болады. Яғни, азаматтарды қабылдау қалалық, аудандық полиция бөлімшелерінің фронт-кеңселерінде, учаскелік пункттерде, сондай-ақ «Нұр Отан» партиясының филиалдарында жүргізіледі. Полиция қызметкерлеріне, сондай-ақ әкімдік өкілдеріне сұрақ қойғысы келетін барлық азаматтар қажетті кеңестер ала алады.

Мысалы, 18 қазанда әкімшілік полиция, жергілікті және көші-қон полициясы қызметінің қызметкерлері полицияның фронт-кеңселерінде, сондай-ақ «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдау алаңында тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Азаматтар негізінен әкімшілік айыппұлдарды төлеу, жол қозғалысын ұйымдастыру, автокөлікті тіркеу, көші-қон және басқа да ІІО қызметтері бойынша сауалдармен жүгінген. Бұл күні барлығы 26 тұрғын құзырлы мекеме өкілдерінен ақпараттық көмек алды. 

 

Акция кезінде азаматтардың кезек күттірмейтін мәселелерін шешуі үшін алдын ала жазылмастан полиция басшылығына тікелей жүгінуге мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, әкімдіктің, ПИК-тің өкілдерімен бірлесіп «Аулада қабылдау» жұмыстары ұйымдастырылуда. Қазірдің өзінде бұл жерлерден 40-тан астам адам кеңес алған.  Қала тұрғындары мен қонақтары жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көші-қон заңнамасын сақтау және т.б. мәселелер бойынша кеңес және құқықтық көмек алу үшін полицейлерге әлі де жүгіне алады.

Аудандағы фронт-офистердің мекенжайлары: Қаскелең қаласы,Абылайхан көшесі, 93, Қарасай батыр көшесі, 92 ("Нұр Отан" партиясының ғимараты), "Асыл Арман" ықшам ауданы, полиция қосыны.