Қарасай ауданында алғашқы КТА лигасы ашылып, бірінші «Маусымашар-2019» ойынын өткізді, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.
Жастар жылында, Қарасай ауданының 90 жылдық мерейтойының құрметіне, жас буын да өзіндік үлесін қосып, жақсы жобаны қолға алды. Естеріңізге сала кетсек, биылғы жылдың басында Шамалған ауылында құрылған «Үшқоңыр» командасы Астанада өткен көңілді тапқырлар алаңында жүлделі орынды еншілеп келген. Команда жетекшісі Сәкен Сариев қол жеткізген жақсы нәтижеге нүкте қоя салмай, оны әрі қарай да дамытуды мақсат тұтып, ауданда КТА лигасын құруды ұсынды. Игі бастамаға Kaskelenkz медиажобасы серіктес болып, жан-жақты жәрдем көрсетті.
Міне, оңтайлы істің орайы келіп, Қарасай ауданы әкімдігінің үлкен қолдауымен, «Жастар ресурстық орталығының» ұтымды ұйымдастырушылығымен лиганың тұсауы кесілді. Бір айта кетерлігі, негізін танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатов қалаған еліміздегі КТА лигасы Астанада, Оралда, Қызылордада және Таразда ғана бар. Енді, осы ірі қалалардың қатарынан Қарасай да ойып тұрып өзіндік орынын алды. Жалпы, көңілді тапқырлар алаңы – тек сахнаға шығып, көрерменді күлдіру ғана емес, бұл – бойында дарыны, өнерге икемі, кеудесінде халқына, Отанына деген сүйіспеншілігі бар жастардың болашағына бағыт пен мүмкіндік беру деп түсінген жөн.
Бұл күні оқушылар мен студенттердің әзіл әлеміне деген сағынышы мен сүйіспеншілігі лық толған мәдениет үйінің жиынжайынан-ақ бірден байқалды. Лигага қатысып, алдағы 1/8 ойынға жолдама алудан үміттеніп командалар тек қана Қарасай жерінен ғана емес, көршілес Жамбыл, Іле аудандарынан және Алматы қаласынан да арнайы келді. Қазылар алқасының құрамында үлкен сахналарда өнер көрсетіп, тәжірибе жинақтаған жігіттер, «Жасарал» командасының ойыншысы Абай Әділханов, «АЭСА» командасында өнер көрсеткен Қуандық Досханұлы, аудандық мәдениет бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ділдә Абылқасымова, лиганың ұйымдастырушысы әрі редакторы Сәкен Сариев, республикалық Kaskelenkz сайтының бас редакторы Клара Көпбаева болды.
Алдымен аудан әкімінің орынбасары Гүлжан Әділханқызы сахна төріне шығып, көңілді жастарға сәттілік тілеп, осындай өскелең ұрпаққа пайдалы бастамаға атсалысқан барша жандарға алғысын білдірді.
Маусымашар тізгінін «Жайдарманның» жоғарғы лигасында өнер көрсетіп жүрген белгілі актер Хамит Ердехан ұстады. Көп күттірмей жиналған 17 команда бірінен соң бірі ортаға шығып, көрерменді сауатты сатира мен мазмұнды әзілге қарық қылды. Ойыншылардың жасына шектеу қойылмаған соң, мұнда ірі университеттердің студенттері де, ауылдағы шағын мектептің оқушылары да болды. Яғни, сайыс барысында қазылар бойдың ұзындығын емес, ортаға тасталған ойдың биіктігін бағамдады.
Атап айтқанда, «Неге бәрі қыз?», «Мәдениетті жігіттер», «Ұқсамайтын егіздер», «Үшқоңыр», «Қайнар жастары», «КазГАСА», «МG» тағы басқа командалар жанкүйер жүрегінет жол тапты. Нәтижесінде алдағы желтоқсан айына жоспарланған КТА-ның 1/8 ойынына 12 команда жолдама алды.