Сулейман Демирел Университетінің технопаркі базасында оқу орнының IT және бизнес мектебінің студенттері әзірлеген стартап жобалардың тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Kaskelenkz.
Іс-шараның ұйымдастырушысы студенттік Технопарк координаторы Айнұр Байқара. 17 үздік топ краудфандинг алаңын пайдалана отырып, әлеуетті инвесторларға өз жобаларын таныстырды. Авторлардың стартап идеялары әртүрлі. Атап айтқанда, электронды коммерциялық қызмет көрсету саласынан бастап эко-фуд сегментінде өз өнімдерін өндіруге дейінгі жобалар.
- Бүкіл әлемде краудфандинг алаңы түрлі қызықты идеялар мен әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асырудың тиімді құралы болып табылады. Біздің университет осы ауқымды қозғалысты қолдайды. Біз жастарды кәсіпкерлік қызметке тартамыз және олардың шығармашылық идеяларын дамыту үшін қолайлы жағдай жасаймыз. Мұндай іс-шаралар теория мен практикалық дағдыларды қолдана отырып, оқу орындарында кәсіпкерлік рухты қалыптастырудың негізін қалайды. Әрі бұл тәсіл жастарды нарық шынайылығына дайындап, оларға өз табыстары мен сәтсіздіктеріне ие болуға жан-жақты мүмкіндік береді, бұл болашақта бизнес құру үшін баға жетпес тәжірибе болатыны сөзсіз, - деген пікірде СДУ президенті Мейірбек Мәжитов.
Ұсынылған жобалар қатарында Некафе онлайн нұсқасы сияқты стартаптар ерекше атап өтілді, онда сатып алушылар үйге арналған үстел ойындары мен алуан түрлі кітаптарға тапсырыс бере алады; сыйлықтарды креативті әшекейлеу қызметі; салауатты тамақ: смузи және жеміс кесектерінің өндірісі; студенттерге арналған репетиторлық платформа және Apple өнімдерін тікелей жеткізу қызметі. Студенттердің жобаларына білім ордасының профессор-оқытушылар құрамы да өз бағасын берді.
- Жобалар қомақты қаржы әкелмеуі мүмкін, алайда тәжірибе тұрғысында бұл жастар үшін практикалық азық. Кейбір жобалар күнделікті өмірде сұранысқа ие болса, кейбір бизнес-модельдерге кәсіпкерлік құралдарды жетілдіру және қолдану қажет, сондай-ақ неғұрлым ауқымды мақсатты аудиторияны қажет ететін жобалар да бар. Бірінші кезекте жастар үшін бұл үлкен тәжірибе. Кооперацияға Бизнес мектебі мен IT мамандықтарының студенттері қатысып отыр. Осы іс шра арқылы шәкірттердің іс жүзінде кәсіпкерлікке бейімділігі мен арнайы дағдыларынының ашыла түскенін көріп отырмын, - дейді Бизнес мектебінің деканы Берік Сабденалиев.
Жақын арада университет басшылығы жас стартаперлерге өз тауарлары мен қызметтерін ілгерілету мен сату мақсатында арнайы алаң құруды көздеп отыр.