Қарасайлық өрт сөндірушілер тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақыруда, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.
Жылыту маусымы басталуға жақын. Бұл кезде аудандағы үйлерін қатты отынмен жылытатын тұрғындардың қауіпсіздігіне төтеншеліктер көп көңіл бөледі. Себебі, от жағудағы аздаған салғырттықтың өзі орны толмас қайғылы жағдайларға әкеліп соғуы әбден мүмкін.
Таяуда өрт сөндірушілер қаладағы адам көп шоғырланған жерлерде көпшілікпен жүздесіп, осы сақтық мәселелеріне жіті назар аударуға кезекті рет шақырды. От жаққанда болсын, басқа кезде де әрдайым абай болған жөн екенін ескертті. "Алатау" сауда үйінде, аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында болған акциялар барысында тұрғындарға жадынама қағаздары да таратылды.