Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында бірқатар қарасайлықтар пәтер кілтін алды, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.
Тәуелсіздіктің 28 жылдығына арналған басқосу аудандық мәдениет үйінде өтті. Алдымен көпшілік егемен еліміздің осы уақыт аралығында бағындырған биіктері, оның ішінде Қарасай ауданында қол жеткізілген жетістіктер жайында бейнероликті тамашалады.
Ал, мінберге көтерілген аудан әкімі Жандарбек Далабаев баршаны құттықтай келе, биылғы тәуелсіздік күнін Елбасының жерлестері қандай табыстармен қарсы алып отырғанына тоқталды. Бұл ретте, ауданның 90 жылдығына орайластырыла атқарылған ауқымды істер тақырыпқа тұздық болды.
Әрі қарай, «Нұр Отан» партиясы филиалдарының Құрмет грамоталарымен, Алматы облысы әкімінің Алғыс хатымен, аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен бірқатар еңбегі сіңген жандар марапатталды.
Бұдан бөлек, «Бақытты отбасы», «7-20-25» бағдарламалары аясында әр салада еңбек етіп жүрген аудан тұрғындары «Қарлығаш» ықшам ауданында орналасқан пәтер кілттеріне ие болды.
Сондай Жандарбек Ермекұлы биылғы жылы барлығы 136 пәтер кілті табысталғанын, келесі жылы 800 баспана өз иелерін табатынын жеткізді.
Салтанат соңы мерекелік концертпен түйінделді.