Ұлы ақын, ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін салушы – Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай Іргелі Мәдениет үйінде «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» атты әдеби кеш өтті. Оған ауданның әр округінен келген құрметті қонақтармен қатар ауыл тұрғындары мен жастары қатысты. Кеш шымылдығы «Абай» атты трагедиялық пьесасынан алынған әсерлі үзіндімен ашылды. Одан кейін сахна төріне Іргелі округі әкімінің орынбасары Серік Үмбеталиев шығып, құттықтау сөз сөйледі. Еліміздің әдебиеті мен мәдениетінде, тарихында үлкен із қалдырған Абайдың жазған еңбектерінің маңыздылығы мен құндылығына тоқталды.
Ұлы тұлға Абай атамызға арналған әдеби кешті ұйымдастыруға Раушан Мәуленова басшылық ететін Кемертоған атындағы орта мектеп ұжымы ерекше атсалысты. Іс-шара барысында аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сағат Мәсімақынов, аудандық әжелер алқасының төрайымы Ақлия Бекбаева, ардагер ұстаз Ақлима Көсемова сөйлеп, іс-шараның жоғары деңгейде өткенін айтып, ризашылықтарын білдірді. Сондай-ақ, олар қазіргі таңда Абай атамыздың өлеңдері мен қара сөздері арқылы өскелең ұрпақтың сана-сезімі мен рухани құндылықтарын байыту керектігін де атап өтті.
Абай Құнанбаев қазақ әдебиеті поэзиясындағы шоқтығы биік, дара да, дана тұлға. Абай қазақ поэзиясының өсіп, гүлденіп, жаңа сапаға жетуіне орасан зор еңбек етті. Ақын жас ұрпаққа терең ойға толы алуан өлеңдер үлгісін қалдырды. Осы ретте мектеп оқушылары ақыннның бірқатар өлеңдерін жатқа оқыды, өнерпаздар әндерін шырқап, көрермен ықыласына бөленді. Қазақтың ұлы тұлғасы Абай тағылымын жастардың санасына сіңіру, оның ой-толғамдарын кеңінен дәріптеу мақсатында өткен кеште Абай ролін сомдаған Алдияр Нәбиев та мектебіне деген алғысын жеткізді.
Кеш соңында Абай атамыздың әлемге танылған «Көзімнің қарасы» әні шырқалды.
Нұргүл Әлменбетова