Округ әкімдерінің шыршасы өтті, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.
Райымбек - Алматыға іргелес жатқан округ. 38 мыңнан астам халқы бар. Әрине, осындай ірі округте түрлі әлеуметтік мәселелердің қылаң беретіні де заңдылық. Дегенмен, жас болса да бас болған ауыл әкімі Елжан Туленбаев қордаланған түйткілдерді шешуге барынша атсалысуда.
Әлбетте, көп проблемалар уақыт пен қаржыны талап етеді. Ал, қолдан келген жұмыстарда қол қусырып қарап қалмайтынын айтады жас әкім. Мысалға, таяуда осы округте бір отбасының үйі отқа оранған болатын. Сол кезде де Елжан Сейітнұрұлы қайғылы жағдайға душар болған ауылдастарына барынша қол ұшын созған. Әкімдік міндеттен бұрын, адамгершілік, азаматтық қасиеттерді алға шығарды.
Міне, жаңа жыл мерекесіне орай да, ауыл басшысы қолына сый-сияпатын алып, айрықша назарға іліккен отбасыларын өзі аралады. Көпбалалы аналардың мерейін өсіріп, балдырғандарға жылы киім мен тәтті толған қорапшалар тарту етті. Сонымен қатар, округтегі ерекше қамқорлықты қажет ететін 100 шақты оқушыға арнап шырша меркесін өткізді.