«Иегова куәгерлері» ағымы туралы сіз бен біз не білеміз? Тоқсаныншы жылдардың тоқырауында бұл ілімнің өкілдері «Сіз Құдайға сенесіз бе?» деп есігімізді қағып, табалдырығымызды талай тоздырды емес пе?
Әлі күнге дейін өз қызметін жалғастырып келе жатқан халықаралық діни ұйым еліміз бойынша 17 мыңнан астам ізбасар жинап алған екен. Олар өздерін әлемдегі ең бақытты жан санайды. Жер бетінде ұлы мұратты орындап жүрміз дейді.
Бұл - мерекелерді тойламайтын, жоғары білім алуға қарсы, бірақ Қазақстанда ресми тіркелген діни ағым.
"Иегова куәгерлері" өздерінің діни ұстанымына орай, әскерде қызмет етуден бас тартады және қолына қару ұстамайды. Сондай-ақ бұл діни ағымда жүргендер қан құйдырудан бас тартады. Туған күн, Жаңа жыл, Рождество және басқа да пұтқа табынудан тамыр тартатын мейрамдарды тойламайды.
Бұл ұйымның барлық белсенді мүшелері дін қызметкері болып есептеледі, өйткені олар өздерін шіркеу қызметкері және діндар деп бөлмейді, қауымға мүше барлық адамды Құдайға сыйынушы, белсенді дін адамы деп біледі.
«Иегова куәгерлері» деп аталатын діни ұйым 19 ғасырдың 70-жылдары АҚШ-та пайда болды. Дүниежүзі бойынша бұл ілімінің жолын қуушылар саны шамамен 8 миллион адамды құрайды. Олар Еуропа мен АҚШ-ты қосқанда 200-ден астам елде заңды түрде қызмет етеді.
Аталған діни ұйым қызметіне Азия мен Африканың 25 мемлекетінде, Қытай, Солтүстік Корея, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Сауд Арабия, Иран, Ирак сынды елдерде тыйым салынған. Ал 2017 жылы Ресейдің Жоғарғы соты бұл ұйымды экстремистік ұйым деп танып, қызметіне шектеу қойды.
«Иегова куәгерлерінің» алғашқы қауымы Қазақстанда 1992 жылы тіркелген.
Елімізде мұндай жат ағымды 60-қа жуық діни бірлестік пен 17 мыңнан астам мүшесі бар. Ресми тіркеуден өтіп алған олар ел аумағында осы ағымды еркін насихаттап жүр.
Айта кетейік, біздің Қарасай ауданы бойынша жат ағымды дәріптейтін ресми 10 діни ұйым тіркелген екен.
Ал өздерін «Иегова куәгерлері» деп атайтын ұйымның бірі Қаскелең қаласында болса, енді бірі Шамалған ауылында орналасқан.
Шамалғандағы Әшекеев көшесі, нөмірі 3 мекенжайындағы мына үй «Зал царства» деп аталады екен. Бұл жерде «иегова куәгерлері» бас қосады. Көше тұрғындарының айтуынша, әдетте мұнда келушілер саны өте көп. Ауылдың басқа үйлерімен салыстырғанда сыртқы келбеті ерекшеленіп тұрған ғимараттың қақпасы әдеттегідей емес, бүгін жабық. Ауланы бақылайтын бейнекамера да орнатылған.
Аптаның әр күнінде шоғырланатын қауымға шағым айтқан көршілері «Олар біздің көшеде еркін жүріп-тұруымызға кедергі жасап қана қоймай, балаларымыздың санасын улап, қатарларына қосып алғысы келеді» деп ашулануда. Осылайша шағым айтқан шамалғандықтар жергілікті билік пен құзырлы органдар бұл ұйымның ғимаратын басқа жаққа көшіруді не болмаса мүлдем жұмысына тосқауыл қоюды сұрап отыр.
Олар тіпті талаптарын ақ қағазға түсіріп, аудан әкімі мен прокуратураға да хат жолдаған.
Нұргүл Әлменбетова
Сюжеттің толық нұсқасы Kaskelenkz ютуб арнасында: