ҚР Бас прокуратурасының ескертуіне қарамастан, халықты 22 ақпанда Алматы қаласында өтетін митингке шақырған Ж.Мамай Қарасай аудандық полиция басқармасына жеткізілді, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.
22 ақпанға қараған түні "Демократиялық партия" бастамашыл тобының жетекшісі Жанболат Мамайдың "рұқсат етілмеген митингіге шақырды" деген айыппен үш тәулікке қамалғаны хабарланды.
- Таңғы сағат 5.00-ге дейін Жанболаттың қайда екенін, не болып жатқанын біле алмадық. Тек таңғы бесте ғана Қарасай аудандық полиция басқармасында Жанболаттың Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 488-бабының 3-тармағы бойынша, яғни митингіге шақырды деген айыппен, үш тәулікке қамалғаны туралы сот қаулысын берді. Сот адвокаттың қатысуынсыз өткен. Адвокат сол маңда сағат 11.00-де болды. Ал сот 11.45-те өткен. Адвокат келіп тұрып, кіре алмай қалды. Жанболаттың қорғалу құқығы бұзылды, - деді белсендінің жары Инга Иманбай.
Оның сөзінше, саясаткердің адвокаты Жанар Балғабаева Мамайдың қорғалу құқығының бұзылғаны және өзінің кәсіби адвокаттық қызметіне кедергі келтірілгені туралы шағым түсірмек.
22 ақпанға қараған түні Қаскелең қаласындағы Қарасай аудандық полиция басқармасына барған бір топ адам Жанболат Мамайды қамаудан босатуды талап етті. Полиция ғимараты алдына жиналған жиырмадан астам адам "Бостандық" деп айғайлап, Мамайды шығармаса аштық жариялайтындарын мәлімдеді.
Бұған дейін, 21 ақпан күні түс кезінде бастамашыл топтың өкілі Жанбол Рахматулланы Қарасай аудандық полиция басқармасына әкеткен.