Қарасай ауданында жолда жүру ережесін бұзғандар жаппай жазалануда, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.
11 - 14 наурыз аралығында өтетін "Жаяу жүргінші" жедел алдын-алу іс-шарасына 50 учаскелік инспекторлар мен патрульдік полиция қызметкері жұмылдырылған. Аудандық полиция басқармасы өкілдерінің хабарлауынша, тұрғындарды жол ережесін сақтауға шақыруға бағытталған рейд барысында, 100-ден астам хаттама толтырылып, 4 адам мас күйінде көлік жүргізгені үшін 20 тәулікке қамалған. Енді ащы судың буына еліткендер 7 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айырылатын болады.
Негізінен тәртіп бұзушылықтар ҚР ӘҚБтК-нің 597, 599, 600, 601, 615 баптары негізінде әкімшілік жазаға тартылған. Атап айтқанда, жолды арнайы белгіленген орындардан кесіп өтпегені үшін, жаяу жүргіншілерге 2 АЕК көлемінде, ал жаяу жүргіншіні өткізбегені үшін автокөлік иелеріне 10 АЕК көлемінде айыппұл салынған.
Алғашқы екі күн Қаскелең қаласы бойынша жүргізілген тексеру шарасы алдағы уақытта өзге де елді мекендерде жалғасын таппақ.