Түркиялық компания Қарасай ауданының аумағында газ және электр плиталарын шығаратын жаңа кәсіпорын ашады

2020-03-05 16:00:35

Түркиялық компания Қарасай ауданының аумағында газ және электр плиталарын шығаратын жаңа кәсіпорын ашуға ниетті. Осы орайда,  Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Алматы қаласында түркиялық инвесторлармен кездесті, деп хабарлайды Kaskelenkz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Компанияның бас директоры Юсуп Үгеннің айтуынша, компанияның Кайсер қаласында 6 өндіріс нысаны мен Стамбулда өз зауыты бар. "Femas Metal" зауыты Түркиядағы газ жəне электрлі тұрмыстық техника шығаруда көшбасшылар санатында. 40 жылдан астам тарихы бар компанияның өнімдері бүгінде 6 құрлықтың 130 елінде пайдаланылады. Компания Қазақстанда да осындай өндіріс ашып, өнімдерін қазақстандықтарға кеңінен ұсынуды көздеп отыр. Сол сияқты тауарларын Қырғызстан, Өзбекстан сияқты көрші елдерге экпорттауға да ниетті.

Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев айтып берді. Ж. Далабаев жобаны жүзеге асыру үшін Жармұхамбет ауылынан 12 га жер учаскесі берілгендігін хабарлады.

Өз кезегінде облыс əкімі А.Баталов облыс аумағында бірқатар түрік инвесторлары табысты жұмыс істеп жатқанын тілге тиек етіп, сол қатарда бұл жобаға да қолдау көрсетуге əзір екендігін айтты.

Зауыт биылғы жылдың күзінде іске қосылады деп межеленуде. Онда 500-дей жұмыс орны құрылады. Оның 200-і тұрақты жұмыс орны болады.