Танымал спортшы, аралас жекпе-жек чемпионы Альберт Түменов Шамалған ауылына келіп, жасөспірімдермен жүздесті, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.
Сонау қуғын-сүргін кезеңінде Альберттің отбасы өз атамекенінен Шамалған ауылына қоныс аударған. Қазір спортшы Ресей мемлекетінде тұрғанымен,қазақ еліне деген оның ықыласы ерекше. Себебі, өзге ұлттар сияқты, балқар ұлтының өкілдері де тоқырау замандағы қазақтың қонақжайлылығын ұмытқан емес. Ата-бабаларының атынан тағзым ретінде былтыр Альберт елімізде өткен «ASA» турнирінде қарсыласын уақытынан бұрын жеңіп, өзінің чемпиондық белдігін ауылымыздағы «Атамекен» музейіне тапсырған болатын.
Алыстан ат терлетіп келген қадірменді қонақтарды орталық ұжымы ыстық ықыласпен қарсы алды. Қарашай-балқар мәдени орталығының төрайымы Людмила Хочиева бастаған меймандар алдымен мұражайды толықтай аралап шықты. Соңынан барлығы конференция залының төріне қойылған чемион белдігінің жанына жиналып, Альберттің әңгімесін тыңдады. Естелікке суретке түсті. Сыйлықтармен алмасты.
«Аталарымнан қазақ халқының мейірімділігі мен қамқорлығы жайлы көп естідім. Менің қазақ еліне деген құрметім шексіз. Осы белдікті бүкіл балқар ұлтының ықыласы деп түсініңіздер» - деді Альберт.
Жылы жүздесу «Úshqońyr» спорт кешенінде жалғасын тапты. Кешен директоры Дәурен Төлеген делегацияға ғимарат ішін көрсетіп, жұмыс барысымен таныстырып, жетістіктерден хабардар етті. Ал, жиынжайда Альбертті асыға күткен кішкентай фанаттары чемпионды үлкен ықыласпен қарсы алды. Өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, спортшыдан көп кеңестер алды.
Соңында Шамалған округінің әкімі Ержас Тоқтасынов қазақы қонақжайлылықпен меймандарға шапан жауып, құрмет көрсетті.