Елдегі төтенше жағдайға орай, @Kaskelenkz редакциясы мен @kuanysh.live жобасы «Жылулық сыйла!» атты қайырымдылық акциясын қолға алды. Бұл ретте жалпы құны 8000 теңгені құрайтын азық-түлік қоржынының құрамы жасақталды. Ал, сол қоржынды толтыру үшін республика көлеміндегі мейірімді жандардан әлеуметтік желі арқылы көмек сұралды.
Қуантарлығы, игі шараға үлес қосам деушілер барлық өңірден табылып жатыр. Ал, жергілікті кәсіпкерлер, кәсіпорындар өздері шығаратын өнімдерінен демеушілік жасауда. Осының барлығы біздің ұлтымыз бен ұстанымымызға, түріміз бен тілімізге, дініміз бен ділімізге қарамастан шынымен бірге екенімізді аңғартса керек.
Осы бір апта ішінде «Жылулық сыйла» акциясы жүзге жуық отбасын қуантты. Алдағы межеміз – 1000 шаңыраққа шаттық сыйлау.
Сізді де осындай сын сағатта халыққа көмек қолын созып, бірге жақсылық жасауға шақырамыз!